«Адамзаттың Айтматовы» атанған заманымыздың заңғар жазушысы өмірден өткенге дейін Жамбыл жерін ешқашан есінен шығарған емес. Дәуірдің дарабозы 1945-1948 жылдар аралығында Жамбыл зооветеринариялық техникумында білім алып, зоотехник мамандығы бойынша үздік бағаға бітірген.
Ол кезде аталмыш оқу ордасы бұрынғы Жамбыл қаласында болса, қазіргі таңда Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылында орналасқан. Атауы да өзгерген. Қазіргі таңда ол Құлан агротехникалық колледжі деп аталады.
Шыңғыс Айтматовтың өзі техникумда оқыған жылдарын емірене еске алады.
«Жамбыл қаласының малдәрігерлік техникумына түскен кезім. Күнделікті лекциямен тәжірибелік сабақтар да қатар жүреді. «Коневодство», «Овцеводство» деген тараумен бірге, өзге төрт түлік мал құрып қалғандай, «Ослеводствоға» ойыстық. Оқытушымыздың ұлты орыс, соғыс жылдары Ленинград қоршауында болып, Қазақстанға көшіп келген, өте білімді, қатал әрі қарт адам еді. Тәжірибелік сабақ өткізуге техникумның қосалқы шаруашылығында есек жоқ. Сондықтан профессор студенттерді Жамбылдың «Атшабар» мал базарына алып баратын. Қаланың төңірегіндегі ауылдардан, қырғыздың Таласынан мал айдап әкеліп сататындар сенбі, жексенбі күндері сапырылысып, ығы-жығы боп жататын.
Бірде базардың қақ ортасында шыбындап тұрған көк есектің жанына кеп тоқтадық.
– Студент Айтматов, бұл есектің қай түрі? Кәне, баянда, – деп, көзәйнегі жарқылдаған профессор бір топ студенттің ішінен маған бұрылсын.
– Бұл мақұлық алғаш Африка мен Азия құрлығында пайда болған. Мына өздеріңіз көріп тұрғандай, есектер өзге малдардан құлағының ұзындығымен ерекшеленеді. Қодығын он екі ай көтереді, – дей бергенім сол еді, әлгі бар болғыр, көк есектің иесін тани кеттім.
Ауылдағы Досалы жездем мен Қарақыз апамның көршісі. Есекке қарай емініп тұрған мені көріп, таңдана қарайды. Ұяттан мұндай өртенбеспін. Тіпті даусым шықпай, құмығып қалды. Әлгі ақсақал Шекерге барысымен:
– Ойбай, Төреқұлдың баласы Жамбылда есектің оқуын оқып жүр екен. Мұғалімімен бірге базарда байлаулы тұрған менің есегімнің алдына келіп, оның шыққан тегінен бастап тұқым-тұяғын, жеті атасын түгелдей санап шықты.
Баланың сөзіне мен тұрмақ, көк есегім де риза болса керек, – деп, бүкіл ауылға жыр етіп таратсын.
Артынша ауылға демалысқа келгенімде, Қарақыз апам:
– Осы жұрт сені есектің оқуын оқып жүр дейді ғой. Бұл не әңгіме, қарағым-ау. Басқа оқу құрып қалды ма? Алда-жалда есекті оқығың келіп бара жатса, осы ауылда есектен көп нәрсе жоқ емес пе? – дегені көңілі бұзылып…»
Әйгілі қаламгердің осы бір естелігін оқыған оқырман қауымның аталған колледж туралы білгісі келетіні анық. Уақытында Жамбыл қаласында ауыл шаруашылығы мамандарын даярлаған білім ордасы кейіннен бұрынғы Луговой, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданына көшірілген.
«2011 жылғы 1 наурызында облыс әкімдігінің 2018 жылғы 24 қазандағы №203 қаулысына сәйкес оқу орны Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Құлан агротехникалық колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта аталды. Кейіннен жоғары колледж мәртебесі берілді. 2022-2023 жылғы оқу жылдарында 14 мамандық бойынша жалпы саны 582 студент білім алып жатыр.
Құлан агротехникалық жоғары колледжі Жамбыл облысы бойынша 57 әлеуметтік серіктестікпен, оның ішінде 20 мекеме және шаруа қожалығымен келісімшарт жасасқан. 2022-2023 оқу жылында 3 мекемемен («Шәушен» шаруа қожалығы, «SV AGRO» ЖШС, ҚТЖ АҚ ҰҚ Луговой рельс дәнекерлеу цехы) мақсатты тапсырыс беру туралы келісім шартқа қол қойылды.
Жұмыс берушілер қорытынды аттестацияға қатысып білімді, білікті түлектерді жұмысқа шақырады. 2021 жылы колледже «Ара өсіру және жібек шаруашылығы», «Балық шаруашылығы» мамандықтары ашылды. Сондай-ақ «Жас маман» жобасы аясында «Агрономия», «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары құрылғылармен жабдықталып, құзыреттілік орталығы және WorldSkills жаттығу алаңы құрылды. 2022 жылы «Шәушен» шаруа қожалығымен корпоративтік басқару меморандумына қол қойылды.
«Атаулы шәкіртақы» жобасы әлеуметтік серіктестердің демеушілігімен жүзеге асырылады. Қорытынды аттестаттау WorldSkills стандарттары негізінде демонстрациялық емтихан форматында өткізіледі, 56 студент Skills паспорттарға ие болды. Колледж өзін-өзі қаржыландыруда егістік жер алқабын, жылыжай, интенсивті бақ, дәнекерлеу цехтарының өнімдері, ақылы қызмет көрсетудің бірнеше көздерін пайдаланады», дейді оқу ордасының басшысы Олжас Мұсақұлов.
Колледж директорының айтуынша, студенттердің рухани тұрғыдан дамуына да айрықша ден қойылған.
«Біз колледжде Шыңғыс Айтматовтың оқығанын қай кезде де мақтан тұтамыз. Әйгілі қаламгердің аты аталған кезде қазақтың ғажап жазушысы Мұхтар Әуезовтің, айтулы ақын Мұхтар Шахановтың есімін естен шығармаймыз. Уақытында «Жәмила» повесін Мұхтар Әуезов пен француз қаламгері Луи Арагонның жоғары бағалағанын, Айтматовтың әдебиет әлеміндегі орны, шығармашылығы туралы студенттердің санасына құйып келеміз. Бұл бағыттағы іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады.
Колледж ауыл шаруашылығы бағытында болғанымен, заманымыздың заңғар жазушысының шығармалары біздің жастарды қанаттандырады», дейді аталған колледж директорының орынбасары Гүлмира Маханбетова ағынан жарылып.
Расында да, осыдан бірнеше жыл бұрын колледжге Лондоннан арнайы қонақтар шақырылған болатын. Лондондағы шығыстану және африкатану мектебінің оқытушысы Джонатан Фрейер, Айтматов академиясының директоры Рахима Абдуалиева бастаған мәртебелі меймандар оқу ордасындағы Айтматовқа арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына қатысып, көкейдегі ойларын жайып салған еді.
Сол кезде Рахима Абдуалиеваның қаламгердің «Жәмиладан» бастап, «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Жанпида» секілді өзге де шығармалары туралы тебірене толғанып, колледждің сол жылдардағы директоры Жұмакүл Бүкіроваға шексіз алғыс айтқаны да жадымызда.
Иә, аты ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын колледж екенін айқындап тұрғанымен, мұнда әлем таныған Айтматов шығармашылығына арналған іс-шаралар жылына кемі 5-6 рет ұйымдастырылып тұрады. Өйткені ұжым қызметкерлері дарабоз тұлғаның шығармаларын кейінгі толқын мамандардың жастанып оқығанын қалайды әрі қадағалайды.
Колледжге Қазақстанның әр қиырынан келіп білім алатын жастар аз емес. Олардың ішінде әдебиетке аңсары ауғандар да жетіп артылады. Кім білсін, қазақтан шығатын бүгінгінің Айтматовы осылардың ішінде де жүрген болар...
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы,
Құлан ауылы