Көне ғұрып қолөнерді заманға сай лайықтап, кәсіп қылуға болатынын дәлелдеген жастарды көргенде жүрегіңіз жылиды. Әуелі, дәстүрді жаңғыртып, жаңартып, ХХІ ғасырға алып шыққаны үшін. Салт-дәстүрді сабақтағаны үшін. Ғұрыпты ұмыт қалдырмағаны үшін. Осының бәріне жүрек елжірейтіндей-ақ қой. Қарағанды қаласында тұратын Жанерке Ахметжанова осылайша тәңір берген несібесін теріп келеді. Еңбегімен өнген жас кәсіпкер «көз – қорқақ, қол – батыр» дейді.
Қазір кәсіп қыламын, еңбек етемін деген адамға мүмкіндік бар. Мемлекеттік қолдаудың түрлі бағдарламасы қарап отырмайтын кісіге көп көмек. Тың идеялардың толағай табысқа бастайтынын бұқара осы күні жете түсінді. Өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып, тәуір тұрмыс кешіп жатқандар солайша тәуекелге бел буғандар.
Жанеркенің «Ерке» ательесінің жұмыс бастағанына небәрі жыл жарым уақыт болды. Содан бері тапсырыс берушілері де, өнімдерінің де қатары молайған. Облыс әкімі грантын жеңіп алған Жанерке құрақ көрпе, ою көрпе дегеннен бастап, қыз ұзату, тұсаукесер тойына қатысты түрлі тапсырыс қабылдайды екен.
– Ателье ашылғанына бір жарым жыл болып қалды. Осы уақытқа дейін тұтынушылар айтарлықтай көбейді. Грант арқылы ісім өрге жүзді. Бұл грант – іс бастайтын жастарға зор қолдау. Әзірге өзім ғана жұмыс істеп отырмын. Алдағы уақытта көмекші алу жоспарда бар. Бүгінде менің қолдаушым, әрі тірегім Құдай қосқан қосағым – Мадияр Мақанов пен алтын енем. Осы шаңырақтың табалдырығын келін ретінде аттағалы көмектерін аянып қалған кезі жоқ. Тіпті тапсырыстарды үлгермей қалатындай жағдай туса, түнімен бірге жұмыс істеп, көмек қолын созады. Келін болып түскенде, өз ісімді бастағым келді. Бастамама енем қолдау көрсетті. Алтын енем іс тігетін машинка алып берді. Ең алғашқы тапсырыс карантин кезінде түсті. Бетперде тігуге тапсырыс берілді. Бір түнде 100-ден аса маска тіккен едік. Кейін грант ұтып алған соң іс машинаның қуаттысын алуға мүмкіндік туды, – дейді Жанерке.
Осы күні Жанеркенің тұтынушыларының қатары мол. Тіпті тәулік бойы өтініш айтқандардың тапсырысын тапжылмай отырып, тігетін ерік-жігер жеткілікті.
«Бизнес бастағанда таныстар, туыстар клиент-тін. Кейін жарнамаға «24/7» белгісін қойып едім, тапсырыс берушілер саны артты. Түнде де тапсырыс қабылдаймын. Байқасам, Қарағанды бойынша түнімен тапсырыс қабылдайтын мен ғана екенмін», дейді Жанерке.
Бұл күні жас кәсіпкер мекемелерден де тапсырыс алып отыр. Мекемелердің арнайы киімі, перделер, акт залын безендіру секілді жұмыстарға сұраныс жиі түседі. Сонымен қатар қазақтың той-томалағына қатысты барлық қажетті бұйымдар жасайтын қабілет-қарымы жеткілікті. Оған да сұраныс әжептәуір көрінеді. Әйтеуір, еңбектен қашқан кезі жоқ.
«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еңбектің үлкен-кішісі жоқ, әманда. Қандай еңбек болса да, құрметке лайық. Өйткені ол еңбектің әрқайсысына маңдай тер сіңген. Маңдай термен келгеннің қадірі ерен болуға тиіс ендеше. Жас шебер Жанеркенің еңбегі де дәл сондай.
Қарағанды облысы