Қазіргі әлемдегі кітапханалардың рөлі түбегейлі өзгерді. Бұрын кітапхана қорында сақталған мұрағаттарға қол жеткізу үшін біршама уақыт кететін. Жаңа технологиялар келгелі кітаптар мен құжаттар электронды түрге аударылып, арнайы желілерде орналастырылатын болды. Сөйтіп барлық деректер қоры электрондық ресурстар тізіміне қосылды.
Мұндай заманауи технологиялар кітапханаға келген оқырмандардың уақытын үнемдеп қана қоймай, қажетті кітаптармен қамтамасыз етеді. Бұл сондай-ақ кітапханашыларға кітапхана қоймасындағы кез келген кітап немесе журналдың нақты қай сөреде тұрғанын, оны қай елдің виртуалды кітапхана сөресінен қалай тауып алуға болатындығы жайында ақпарат бере алатын мүмкіндігіне жол ашты.
Осы тұрғыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы қазіргі заман талабына сай жабдықталған әрі ТМД елдері қатарындағы университет кітапханалары арасында көшбасшы атанып отыр. Кітапхана қорының саны бүгінде 2,5 миллион данаға жетті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасы университетпен бірге 1934 жылы құрылды. 2012 жылы Шығыс стилінің элементтерімен үйлесіп, жаңа технологиялармен және коммуникациялық шешімдермен жабдықталған жалпы ауданы 17 856,6 шаршы метр болатын жаңа бес қабатты ғимаратқа көшті. Әл-Фараби кітапханасы жаңа технологияларды белсенді меңгеруде. Кітапханада RFID-технология негізінде автоматтандыру жүйесі енгізіліп, нәтижесінде «ИРБИС 64» автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйесі (АКАЖ) интеграциялану және университет қызметкерлері мен білім алушыларының университеттік бірыңғай идентификациялық карталарын (ID-карта) оқырман билеттері ретінде пайдалану мәселелері іске асырылды. Дәстүрлі оқырман формулярының орнына барлық қызмет көрсететін бөлімшелер үшін бірыңғай электрондық оқырман формуляр келді. Онда құжаттар мен кітаптарды қайтару мерзімі, сақтап бақылау, берілген уақыты туралы барлық ақпарат толық көрсетілген. Осылайша, оқырманның бірыңғай базасы әрбір оқу залында, абонементте тіркеу картотекаларын жүргізу қажеттілігінен арылды, ал бірыңғай формуляр барлық қызмет көрсету пункттерінде қайтару мерзімін бақылауға және әдебиетті қайтаруды кешіктіруге байланысты жағымсыз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар оқу залында RFID технологиялар негізінде жұмыс істейтін және оқырмандарға таңдалған әдебиетті өз бетінше тіркеуге және оны үш күнге дейін ресімдеуге мүмкіндік беретін өзіне өзі қызмет көрсету стансалары орнатылған.
Сонымен қатар «Планскан А2-300» көшіру аппараттары мен планетарлық сканер орнатылған. Оның көмегімен кітапхана пайдаланушылары таңдаған әдебиеттің қажетті беттерін тегін сканерлеп, өзінің USB-флеш-жинақтағышқа жібере алады. Осылайша, заманға сай жасалған бетбұрыс, оқытушылар мен студенттердің ғылымға деген қызығушылығын одан сайын арттыра түсуіне ықпал етеді.
Толқын Мұқажанова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты,
Ұлпан Жапсарбай,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты