Шымкент қаласында Республикалық Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің отырысы өтті. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын қолдау және жүзеге асыру жөніндегі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірлескен үндеуін қолдау және іске асыру мәселесі сөз болды.
Іс-шараға «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Т.Мұқашев, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, қалалық мәслихат төрағасы Б.Нарымбетов, «Шымкент қалалық мәслихат депутаттары бірлестігі» қоғамдық ұйымы, Қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен мәслихат депутаттары қатысты.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын қолдау және жүзеге асыру жөніндегі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірлескен үндеуі өткен жылдың соңында Ақтөбе қаласында қабылданған еді.
Отырыс барысында қала әкімі М.Әйтенов және «Шымкент қалалық мәслихат депутаттары бірлестігі» қоғамдық ұйымының төрағасы Е.Сатқанбаев баяндама жасады. «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Т.Мұқашев Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауы мен сайлауалды бағдарламасындағы мәслихатшылар мен жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты басымдықтарына кеңінен тоқталды.
«Мемлекет басшысының мәслихаттар алдына қойған «Жаңа Қазақстанның құрылысы», жергілікті халықтың өмір сүру жағдайы мен сапасын жақсарту жөніндегі жаңа міндеттемелері депутаттардың сайлаушылармен арадағы жұмысын қайта құру мен сайлаушылар тәртібі және мәслихатшыларды кері шақырып алу институттарын енгізуді іске асырады.
Жаңа жағдайда мәслихаттар депутаттарының негізгі қызметі – өз аумағында сапалы әлеуметтік инфрақұрылымды: балабақша, абаттандыру, сауда нысандары, жолдар, кітапхана, мектеп, тұрғын үй және әлеуметтік нысандарды салу мен жөндеуді ұйымдастырудан көрінбек. Мысалы, алдағы уақытта елімізде көптеген әлеуметтік инфрақұрылым нысандары сайлаушылардың талабы мен жергілікті мемлекеттік бағдарламалар негізінде құрылады. Дегенмен бұл өзгерістердің барлығы мәслихатшылардың белсенді азаматтарды тарта отырып тұрақты мониторинг пен бақылау жасау жауапкершілігін арттырады», деді бірлестік төрағасы.
Т.Мұқашевтің айтуынша, жаңа Қазақстан құру міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйеніп, мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару жүйелерін білім негізіне көшіру қажет. Отырыс соңында жиынға қатысушылар талқыланған мәселелер бойынша өзара пікір алмасты.
Шымкент