• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Қаңтар, 2023

Бір суреті бір мақаладай

389 рет
көрсетілді

Бет-бейнесі мультфильм кейіпкерлері секілді аса бір күлкілі де қызықты портреттерді көрген боларсыз. Графика өне­рінде бейнелеудің бұл түрі карикатура аталады. Бір бойына сатира мен журналистика эле­менттерін қоса алып жү­ретін аталған жанр бей­неленген кейіпкердің ішкі болмысын, мінез-құлқын да бере алатын қасиетімен өміршең.

Астарлы ой мен қағытпа қалжыңды тамашалап, ка­ри­­катура қызығымен де­мал­­­­­­ғысы келетін көрермен үшін Мемлекеттік Ор­та­лық му­зей­де елімізге та­ны­­мал кари­ка­турашы-су­рет­ші Еркін Нұраз­­­­­ханның «Карикатура тарланы» атты көрмесі ашылды. Мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер, Журналистер, Жа­зушылар одағының мүшесі Еркін Нұразханның 70 жасқа толған тойына орай салтанатты түрде ашылған көрмеде автордың 160-тан аса жұмысы назарға ұсынылды.

Еркін Нұразхан – қазақ бейнелеу өнерінде карикатура, шарж (достық, әзіл портрет) жанрының қалыптасып, дамуына өзіндік қолтаңбасын қосқан майталман маман. Ка­рикатурада 40 жыл бойы түр­лі туындыларымен та­ныл­ған суретшінің қозғаған та­қы­рыптары әр алуан, бейнелеген кейіпкерлері сан қырлы. «Күлкінің ар жағында мазақ емес – мазасыздану, жазғыру емес – жаны ашу жатқанын жұрт түсінсе деймін. Құлағанды тұр­ғызу, қирағанды бүтіндеу, жы­ла­ғанды жұбату, керенауды ояту, мұңайғанды езу тартқызу – сатиралық суреттердің абзал борышы болып қала бермек»,  дейді суретші. Ал техникасы өте қарапайым: қағаз, қаламұш, тушь, акварель бояу­ы, гельді қалам, түрлі-түсті қарын­даш­тар.

Автордың айтуынша, «Ка­­рикатура тарланы» көр­месі 1982 жылы бастау алған шығармашылық жолының толық көрінісі іспеттес. 2020 жылы қорға өткізілген 534 жұ­мыстың таңдаулылары ірік­теліп, мерейтойға орай галерея ретінде көрер­мен назарына ұсынылып отыр­ғанына Еркін Нұразхан аса қуанышты. Ал ақын Бақыт Беделхан «бір туын­дысы – бір сын мақаладай» деп бейнесөз шеберінің тап­қырлығы мен өткірлігін жоғары бағалады.

Көрме 2023 жылдың 31 қаң­тарына дейін жұмыс істейді.

 

Баян МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

АЛМАТЫ