23 қаңтарда Астанадағы «Qazaqstan» спорт кешенінде жеңіл атлетикадан «Astana Meeting World indoor tour» деп аталатын халықаралық турнирдің шымылдығы түріледі. Әлемге әйгілі «Гауһар лигасының» баламасы бойынша өтетін жарыста жер-жаһанның әр қиырынан келген ең таңдаулы спортшылар бақ сынайды. Олардың қатарында Эфиопия, АҚШ, Марокко, Португалия, Бразилия, Куба және тағы басқа мемлекеттердің дүлдүлдері бар. Бәсекелер жеңіл атлетиканың тоғыз түрі бойынша өтеді. Оның әрқайсысының жүлде қоры 4 мың АҚШ долларын құрайды.
Жоғарыдағы жаңалықты естіп кәдімгідей қуанып қалдық. Себебі спорт атаулының арасында ең көп жүлде жиынтығы дәл осы жеңіл атлетикада сарапқа салынатынын жұрт жақсы біледі. Мәселен, соңғы Олимпия ойындарында – 48, ал әлем чемпионатында 50 медаль жиынтығы таратылды. Басқа байрақты бәсекелерде де дәл солай. Яғни кешенді жарыстардың жалпы есебінде жеке-дара көш бастауды мақсат тұтқан командаларға, ең бірінші кезекте, «спорт падишасы» деген атауға ие жеңіл атлетикаға барынша көңіл аудару қажет. Тек сонда ғана дүбірлі додаларда алдыңғы лектен көрінуге тамаша мүмкіндік туады.
Егер тарихқа үңілсек, Қазақстанның жеңіл атлеттері де жарқын жеңістерімен сан мәрте өз жанкүйерлерін қуантқанына куә боламыз. Алғаш рет осыдан 71 жыл бұрын, яғни 1952 жылдың жазында Хельсинкиде алауы тұтанған Олимпия ойындарының 4х100 эстафеталық сайысында құрамында Борис Токарев, Лев Калев, Леван Санадзе және Владимир Сухарев сынды желаяқтары бар КСРО құрамасы күміс медаль олжалады. Суоми елінде ең соңғы болып жүгірген Сухарев Жамбыл облысы Қордай ауданының тумасы екенін біреулер білсе, біреулердің білмеуі де мүмкін. Арада төрт жыл өткен соң ол сол нәтижесін Мельбурнде қайталады. Жасыл құрлықта жерлесімізден бөлек, Леонил Бартенев, Борис Токарев және Юрий Коновалов өнер көрсетті. Осы Олимпиаданың екеуінде де КСРО құрамасы АҚШ-тың желаяқтарынан қалып қойды. Сонымен қатар Сухаревтің Еуропа чемпионы және сол жарыстың қола жүлдегері деген атақтары бар. Ол 1997 жылдың көктемінде 73 жасқа қараған шағында Мәскеуде қайтыс болды.
1956 жылы Мельбурн Олимпиадасында балға лақтырудан қола медаль олжалаған Анатолий Самоцветов жайында екі түрлі ақпаратты көзіміз шалды. Кейбір дерек көздері оны Иркутскіде туды десе, кейбіреуі қазіргі Жетісу облысына қарасты Сарқан ауданының Қарғалы ауылында дүниеге келген деседі. Қалай болғанда да, оның балалық және жастық шағы Талдықорғанда өтті. Сол жерде жүріп, жеңіл атлетиканың қыр-сырына қанығып, кәсіби спортшы ретінде қалыптасты. Кейіннен Мәскеуге қоныс аударды. Жасыл құрлықта Самоцветов америкалық Гарольд Конналли мен өзінің командалық әріптесі Михаил Кривоносовтан ғана қалып қойды. Кейіннен ол Дүниежүзілік универсиадада күміс медальды мойнына ілді. Самоцветов 2014 жылдың тамызында 82 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты.
1960 жылы Римде алауы тұтанған Олимпия ойындарында КСРО-ның желаяқтары тағы да тамаша өнер көрсетті. Бұл жолы олар эстафетада немістерді алға жіберіп, күміспен күптелді. Аталған команданың сапында полтавалық Леонид Бартенев, бакулік Юрий Коновалов және ленинградтық Эдвин Озолинмен бірге семейлік Ғұсман Қосанов та жарыс жолына шықты. Осылайша, Қосановтың есімі төртжылдықтың басты додасында жеңіс тұғырына көтерілген тұңғыш қазақ спортшысы ретінде тарихта қалды. Қандасымыз 1964 жылы Токио Олимпиадасына да қатысты. Бірақ Күншығыс елінде КСРО-ның өрендері бесінші орыннан аса алмады. Есесіне Қосанов басқа жарыстарда табысты өнер көрсетіп, мол олжаға кенелді. Өкінішке қарай, Ғұсман желаяқтың ғұмыры келте болды. Ол 1990 жылы 55 жасында фәниден бақиға аттанды.
1972 жылы Мюнхендегі ойындарда КСРО өз тарихында тұңғыш рет жеңіл атлеттер арасындағы жарыстың жалпыкомандалық есебінде АҚШ-ты тұғырдан тайдырып, бірінші орынды олжалады. Неміс жерінде жасындай жарқылдаған спортшылардың бірі – Вениамин Солдатенко. Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының тумасы спорттық жүріс сайысында күміс медаль еншіледі. 50 шақырымдық қашықтықты ол 3 сағат 58 минут 24 секундта жүріп өтті. Отандасымыз бас жүлдені олжалаған жергілікті жеңіл атлет Бернд Канненбергтен небәрі екі минут қана қалып қойды. Кейіннен Солдатенко әлем және Еуропа чемпионы атанды. 4 қаңтарда 84 жасқа толған Вениамин Васильевич бұл күндері Алматыда тұрып жатыр.
1976 жылы Монреаль Олимпиадасының 4х100 эстафеталық сайысында Александр Аксинин, Юрий Силов және даңқы жер жарған Валерий Борзовпен бірге Николай Колесников та жүгірді. Ол – Алматының тумасы. Колесниковтің Олимпиаданың қола жүлдесінен бөлек, Еуропа чемпионы деген атағы бар. Биыл күзде Николай Васильевич 70 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Ол Нева жағалауында тұрады.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Владимир Муравьевтің теңдессіз өнеріне тамсандық. 1959 жылы Қарағанды қаласында шахтерлар отбасында дүниеге келген ол бала кезінен спортты серік етіп, уақыт оза көптеген биік белесті бағындырды. Атап айтсақ, әлем чемпионатында күміс пен қола медальдар иеленді, Еуропа чемпионы атанып, «Достық» ойындарында екі рет топ жарды. Бұл табыстардың барлығына Муравьев эстафетада қол жеткізді. Ал оның спорттық мансабындағы ең зор табысы – 1980 жылы Мәскеу және 1988 жылы Сеул Олимпиадаларының бас жүлдесі. Қазіргі кезде Владимир Павлович Германияда ғұмыр кешуде.
Мәскеудегі ойындарда тағы бір жерлесіміз Татьяна Лесовая да көпшілік назарын өзіне аударды. Талдықорғанның тумасы дискіні 67 метр 40 сантиметрге лақтырып, қола медаль иеленді. Ол тек ГДР-дың өкілі Эвелин Яль (69,96 м.) мен Болгарияның беткеұстары Мария Петковаға (67,90 м.) есе жіберді.
1988 жылы Сеул Олимпиадасында Владимир Муравьевпен бірге Жезқазғанның тумасы Виталий Савин де жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Дәл сол жарыста сырықпен секіруші Григорий Егоров қола медальға қол созды. Шымкентте дүниеге келген дарынды жігіт 5 метр 80 сантиметрлік межені бағындырды. Ол атағы алысқа жайылған Сергей Бубка (5,90 м.) мен Радион Гатауллиннен (5,85 м.) ғана қалып қойды.
Кеңес одағы дәуірінде Әмин Тұяқовтың да тұғыры биік болды. Қысқа қашықтықтарға жүгіруде және эстафеталық сайыстарда ол алдына жан салмай, сан мәрте рекорд жаңартты. Маңғыстау облысының Шайыр ауылында дүниеге келген дүлдүл 1965 жылы Штутгартта Еуропа кубогі және 1966 жылы Еуропа чемпионатында теңдессіз деп танылды. КСРО мен АҚШ-тың матчтық кездесуінің жеңімпазы атанды. Бірақ сол кездері іштарлық танытқан мәскеулік мамандар Тұяқовты Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарынан шеттетті. Соның кесірінен желмен жарысқан асыл ағамызға аталған жарыстардың жеңіс тұғырында марқайып тұру бақыты бұйырмады. Келесі айда 86 жасқа толғалы отырған Әмин Елемесұлы Алматыда тұрып жатыр.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңге тоқталсақ, 2000 жылы Сиднейде 100 метрге кедергілер арқылы жүгірген Ольга Шишигина шашасына шаң жұқтырмай, алтыннан алқа тақты. 2004 жылы Афинада онсайысшы Дмитрий Карпов қола медаль еншіледі. Үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова айтулы жарыста үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, 2008 жылы Бейжіңде жерлесіміз төртінші орынға табан тіреген еді. Алайда жүлде алған қос спортшының допинг қолданғандары анықталып, олар барлық атақтарынан айырылды. Соның арқасында Ольгаға күміс жүлде табыс етілді. Ал 2012 жылы Лондонда Рыпакова алтын алса, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода қола медальды мойнына ілді.
Жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты алғаш рет 1983 жылы ұйымдастырылды. Хельсинкиде өткен жарыстың 4х100 метрлік эстафетасында Владимир Муравьев қола медальды иеленді. Келесі жарыс 1987 жылы Римде өтті. Апеннин түбегінде одақтың желаяқтары америкалықтардан ғана қалып қойып, күміс медаль еншіледі. Сол команданың сапында Муравьев та өнер көрсетті. Сондай-ақ қызылжарлық марафоншы Зоя Иванова күміс алса, үш қарғып секіруде шымкенттік Олег Сакиркин қолаға қол созды. Ал 1991 жылы Токиода жалауы желбіреген жарыста жерлестерімізге жалқы жүлде де бұйырмады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан 15 әлем чемпионатына қатысып, барлығы сегіз жүлдеге қол жеткізді. Алғашқы болып Григорий Егоров біздің жанкүйерлерге медальдың сыңғырын естіртті. Сырықпен 5 метр 90 сантиметрге секірген ол күмісті еншілеумен қатар, Азияның рекордын жаңартты. Бұл бәсекеде атақты Сергей Бубка отандасымыздың алдын орап кетті. Украина мақтанышының көрсеткіші – тура 6 метр.
1995 жылы Гетеборгта 100 метрге кедергілер арқылы жүгірген Ольга Шишигина екінші орын алса, 2001 жылы Эдмонтонда үшінші сатыға табан тіреді. Скандинавия түбегінде алматылық ару АҚШ-тың желаяғы Гейл Диверстен оза алмады. Үйеңкі жапырақтар елінде Диверс күміс алса, бас жүлде тағы бір америкалық Анджанет Кирклендке бұйырды. 2003 жылы Сен-Дени және 2007 жылы Осакадағы онсайысшылардың бәсекесінде Дмитрий Карпов үшінші тұғырға табан тіреді.
Соңғы 12 жылда әлемдік додада даралануға күш-жігері мен шама-шарқы жеткен Қазақстанның бір ғана жеңіл атлеті бар. Ол – үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова. Олимпиадада толық жүлде жиынтығын жеңіп алған Өскемен қаласының өкілі аталған жарыста да үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Ольга 2011 жылы Тэгуде 14,89 метрлік көрсеткішпен күміс медаль иеленді. Бірінші орынды олжалаған Ольга Саладуха одан бес сантиметр озды. 2015 жылы Бейжің және 2017 жылы Лондонда жалауы желбіреген жарыстарды Рыпакова үшінші орынмен қорытындылады. Міне, әлем чемпионаттарының қысқаша тарихы осындай.
Өздеріңіз байқағандай, Қазақстанның өрендері спорттың бұл түрінде біраз табысқа қол жеткізді. Бірақ осы көрсеткішке «көңіліміз толады» деп айта алмаймыз. Олай деуге негіз, өзге мемлекеттердің өкілдері медальдарды «күреп» алып жатқанда, жерлестеріміз анда-санда ғана үздіктер сапынан көрініп жүр. Оның үстіне, соңғы 12-13 жыл аралығында Ольга Рыпакова ғана өрелі өнерімен өз жанкүйерлерін қуантты. Біз ұзақ уақыт бойы тек сол спортшыға сенім арттық. 37 жасқа дейін бабы мен бағы қатар шапқан ол былтыр Токио Олимпиадасы аяқталғаннан кейін үлкен спортпен қоштасатынын ресми түрде мәлімдеді.
Қарап отырсақ, қазіргі кезде сол атақты спортшының орнын басатын ешкім жоқ. Ел намысын қорғап жүрген отандастарымыздың шама-шарқы тек құрлықтық деңгейдегі жарыстарда жүлде алуға ғана жетеді. Ал әлемдік додаларда дараланатын ешбір асқан дарын иесін көріп тұрған жоқпыз. Ал енді сол олқылықтың орнын толтыру үшін не істеу керек? Еліміздің спорт басшылары мен жеңіл атлетиканың басы-қасында жүрген мамандар тығырықтан шығудың жолын іздеп, қордаланып қалған осы мәселенің шешімі мен түйінін табуға тиіс. Олай болмаған жағдайда, ертеңгі күні бармақ тістеп қалатынымыз анық. Легионерлер проблеманы түпкілікті шешпейтіні анық.