Қазақта «қыналы бармақ» деген теңеу бар. Яғни «аз нәрсені көптей қылады, көп нәрсені көлдей қылады». Ерінің барын да, жоғын да білдірмейтін осы қыналы бармақ қыз-келіншектер. Жетісуда тігін кәсібін тізгінге алған арулар жетерлік. Тіпті басым бөлігі мемлекеттен бөлінген грантты игілігіне жаратып, ісін шыр көбелек айналдырып отыр.
Жетісу өңірі ұлттық өнерді ұлықтауда ұдайы алғы шепте, сырттан келген қандастарымызбен қатар жергілікті тұрғындар берекелі істің кілтін тауып үлгерген. Ата кәсіпті бизнеске айналдырған әйелдердің еңбекқорлығы көз сүйсінтеді. Солардың бірі – текелілік Қарлығаш Долашева мен Жазерке Мұсабекова.
Анасы мен қызы «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз грантқа ие болып, цехқа қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарын толықтырған. Сөйтіп, өз істерін дөңгелетіп отыр. Оларға өз кезегінде Текелі қалалық әкімдігі де жәрдемдесті. Бізге тігін шеберлері игілікті істің тетігін қалай тапқанын баяндап берді.
«Құрақ құрау, текемет басу, сырмақ тігу сынды ұлттық дәстүрімізді бала кезден бойымызға сіңіріп өстік. Апаларымызға қолғабыс етіп, тігін техникасын үйрендік. Жалпы, тігіншілік – анамнан дарыған өнер. Алғашында тек үйде тапсырыс қабылдап, кейін халықтың көңілінен шығып, сұраныс ұлғайған соң, тігін шеберханасын ашу туралы ой келді. Қызым да менің бастамамды қолдап, өз кәсібімізді жолға қою үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға сұраныс білдірдік. Ұсынған жобамыз жеңіске жетіп, өз ісімізді бастап кеттік», дейді Қ.Долашева.
Шағын шеберханада 6 адам жұмыс істейді. Құрақтың түрлі өрнектерін айшықтап, тұтынушының талғамына сай тапсырыстар қабылдайды. Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы бұйымдарымызға, әсіресе қыз жасауы мен көрпеше, жастық, қоржындарға сұраныс жоғары. Оны кәсіп иесі мақтанышпен жеткізді.
Анасына қолғабыс жасап, бір жағына шығысып жүрген жас кәсіпкер Жазерке Нағызбекқызы жаңадан кәсіп ашамын деген адам бірден байып кетуді ойламау керектігін айтады. Қарекет етсеңіз, Құдай еселеп бермек.
«Бизнес-идеяны таңдау, жоспар әзірлеу, сатуды жолға қою – мұның бәрі оңай шаруа емес. Кәсіппен айналысу үлкен тәуекелділікті талап етеді. Біз де анамызбен бірге кәсіп ашу туралы шешімге келіп, өз ісімізді аштық. Әрине, алғашқы айларда бірқатар қиындықтармен кезігіп, сол арқылы біраз тәжірбие жинадық. Қазір жаңа технологиялардың заманы. Мен анама тек тігін тігу жағынан ғана емес, дайын болған өнімдерді әлеуметтік желілерге орналастыруға да көмектесемін. Жарнама нарығын да зерттеп, халыққа қолайлы қызмет түрін ұсынуға күш салудамыз», дейді Ж.Нағызбекқызы.
Оның айтуынша, қолөнер орталығында түрлі заманауи үлгідегі материалдарды пайдалана отырып, той-томалақтарға арналған сый-сыяпаттар дайындауға мүмкіндік мол. Сондай-ақ тігіншілердің жұмысын жеңілдету мақсатында құрал-жабдықтар қорын кеңейтуді ойластырып отыр. Цехта әртүрлі бұйымды жедел әзірлеу үшін жаңа станоктар мен дәнекерлеуші лазер құрылғылары қажет. Сол мақсатта олар тағы бір мемлекеттік бағдарламаға қатысып, нәтижесін күтіп отыр. Бүгінде халық алғысын алу, өз істерінің нағыз шебері атану – басты мақсаты. Сол бағытта аянбай еңбек етуге әзір.
Шеберхана ұжымының өнімдері Текеліде ғана емес, туристердің де арасында сұранысқа ие. Мәселен, Түркия, Германиядан келген қонақтар қазақы нақыштағы бұйымдарға тапсырыс беріп, қызығушылық танытқан. Шетелдерге кәдесый ретінде ұлттық бұйымдарды алатын тұрақты тұтынушылары да аз емес. Нарықта өздерін орнықтырып келе жатқан қолөнер шеберханасының ұжымы жуырда облыс орталығында өткен іскер әйелдердің өңіраралық форумына қатысып, «Құрақ көрпе» номинациясы бойынша арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Бұл жеңіс оларға кәсібін дамытуға үлкен леп берді.
Айтпақшы, іскер әйелдердің өңіраралық форумында «Құрақ көрпе» аталымы бойынша марапат алған қолөнерлердің ішінде сарқандық Назигүл Батырхан да бар. Ол да сол додада 100 мың теңгенің сертификаты мен дипломын алып, лайықты марапатқа ие болған. Жалпы, бұл байқауға Жетісу облысы мен Алматы облысының 57 қолөнершісі қатысып, 150-ден астам жұмыс ұсынылған еді.
Сарқандық кәсіп иесі алғашқы тігін өнерін құрақ көрпеден бастап, қазір өз қолымен тігілген үй интерьерін безендіруге арналған стильді аксессуарларын тұтынушыларға ұсына бастады. Көпбалалы ана тауар түрлерін бірте-бірте көбейтіп жатыр. Солардың бірі – «Үй тұмары». Ұлттық тұмарлар Назигүлдің тігін өнеріндегі өзіне тән ерекшелігі десе де болады. Олардың әрқайсысы тек түс үйлесіміне ғана емес, сонымен қатар семантикалық мазмұнымен де өзгешеленеді.
Алдымен ол тек отбасы мен туыстары үшін тігетін, бірте-бірте сүйікті ісі табыс әкелетін шағын бизнеске ұласқан. Әзірге тапсырыстар өзі тұратын Сарқан қаласының тұрғындарынан түседі, бірақ ісін жаңа бастаған әйел мұнымен шектелмек емес. Бірінші кезекте Сарқан ауданының іскер әйелдер кеңесі құрамына кіріп, әріптестерін нәтижесімен қуантты. Міне, енді облыс көлеміне танымал қолөнер шеберіне айналуды мақсат тұтып отыр.
«Тігін цехын ашуды армандаймын, онда көрпеден бөлек түрлі ұлттық киім мен үйге арналған әшекей жасайтын боламын. Осылайша, дәстүрлі қазақ қолөнерін сақтауға және құрақ тігуді насихаттауға үлес қоссам деймін. Қазір балаларға арналған ұлттық киімдер мен үйге матадан жасалған тұмарлар тігемін. Олар ұлттық өрнектермен, ашық түсті моншақтармен, үкі қауырсындарымен безендірілген түрлі пішінде, әрқилы түсте дайындалады. Мысалы, шаңырақ немесе домбыра түріндегісі де бар. Бұл жай ғана безендіру емес, табысқа жеткізетін, өркендеуге бастайтын, сондай-ақ жағымсыз энергиядан қорғайтын тұмарлар деуге болады. Себебі адамның өз қолымен жасаған заттарында қол еңбегі ғана емес, өнерпаздың рухани энергиясы да мөрленіп тұрады», дейді Н.Батырхан.
Құрақ көрпе тігу байырғы қазақ әйелімен еншілес ескі бұйым секілді көрінеді. Бірақ ұлттың мәдени мұрасы сол оюлы көрпеде жатқандай. Салт-дәстүріміздің негізгі элементтерінің бірі һәм рухани мұра ретінде құнды жәдігер. Әрбір қазақ отбасының үйінің төрінде құрақ көрпе жайылып тұрса, қандай мәртебе. Бұл ретте мемлекеттен берілетін көмектің игілікті іске жұмсалып жатқаны қуантады. Қыналы бармақ қазақ әйелдері көбейе берсін!
Жетісу облысы