Биыл жас қаламгерлерді қолдау мақсатында Президенттің арнайы әдеби сыйлығы тағайындалады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Отандық әдебиетті жаңа ағыммен толықтыру және ұлтымыздың әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, сондай-ақ қазақстандық әдебиет пен баспаларға тың серпін беру мақсатында «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы енгізілді. Игі дәстүрді одан әрі дамыту мақсатында биыл жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында арнайы президенттік әдеби сыйлық тағайындалады», деді Асхат Оралов Мәдениет министрлігінің алқа отырысында.
Оның айтуынша, алдағы уақытта мәдениет қызметкерлерінің халықаралық форумы ұйымдастырылады.
«Сонымен қатар біз мәдениет қызметкерлерінің халықаралық форумын ұйымдастырып жатырмыз. Бұл сала мамандарының біліктілігін арттырып, халықаралық тәжірибені меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл жұмыстарды жоғары деңгейде жүзеге асыруда зиялы қауымның белсенді атсалысуының маңызы зор. Қоғам мен жастарды тәрбиелеуде аға ұрпақтың алатын орны ерекше», деп түйіндеді министр.