Францияның Ницца қаласында күрес түрлерінен 1924 жылы Париж Олимпиадасының жеңімпазы атанған атақты балуан Анри Дегланды еске түсіруге арналған Гран-при турнирі аяқталды.
Аталған жарыста Елмира Сыздықова табысты өнер көрсетті. Кезінде бұл спортшымыз Азия чемпионатында алты (1 алтын+2 күміс+3 қола) жүлдені олжалап, Азия ойындарында қола медальді қоржынға салды. 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындарында үшінші орынға табан тіреді. Одан бөлек, Сыздықованың басқа аса ірі халықаралық додаларда жеңіп алған жүлделері жетерлік. Бірақ ауыр жарақат алуына байланысты былтыр ол бірде-бір жарысқа қатыспады. Есесіне, биылғы маусымды ол жарқын жеңіспен бастады. Ниццадағы турнирде барлық қарсыласын сыпыра ұтқан Елмира алтын медальді мойнында жарқыратты.
Біз оған алдағы жарыстарда да сәттілік тілейміз. Қазіргі кезде отандық балуандар арасынан әлемдік деңгейдегі додаларда жалғыз Жәмила Бақбергенова ғана жүлде алып жүр. Енді Елмира да сол биіктен көрінеді деп үміттенеміз.