Мельбурнде өтіп жатқан Аустралияның ашық біріншілігінің жекелеген сайысында Қазақстанның бір ғана теннисшісі қалды. Ол – еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина.
Александр Бублик бірінші және Юлия Путинцева екінші айналымнан аса алмағаннан кейін жасыл құрлықтағы жалғыз үмітіміз Елена Рыбакина еді. Бастапқы бәсекелерінде италиялық Элизабетта Коччаретто мен словениялық Кая Йуванды шаң қаптырып кеткен ол үшінші кезеңде WTA тізімінде 11-орында тұрған америкалық Даниэль Коллинзбен күш сынасты. Бұл тартыс 6:2, 5:7, 6:2 есебімен жерлесіміздің пайдасына шешілді. Төртінші кезеңде әйгілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты. Әлемдік рейтингте көш бастап тұрған 21 жастағы поляк қызы 2020 және 2022 жылдары Ролан Гарроста топ жарған. Былтыр US Open додасында бас жүлдені олжалап, Аустралияның ашық біріншілігінің жартылай финалына дейін жетті. Одан бөлек, WTA-ның 11 турнирін ұтты. Міне, осындай мықты ойыншымен еш қаймықпай айқасқан Елена бір жарым сағатқа созылған сайыста 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Енді Рыбакина ширек финалда латвиялық Елена Остапенкомен шеберлік байқасады.