АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан ХХХ қысқы Дүниежүзілік универсиадада Қазақстан құрамасының қоржынына түскен медальдар саны сегізге жетті.
Сенбі күні шаңғымен тұғырдан секірушілердің командалық сайысында жерлестеріміз күміс медаль иеленді. Қазақстан құрамасының сапында Данил Васильев пен Сергей Ткаченко өнер көрсетті. Олар 470,3 ұпай жинады. Бұл тартыста бас жүлдені Аустрия жеңіп алса, қола медаль Жапонияға бұйырды. Дәл сол бәсекеде Святослав Назаренко мен Никита Девяткин жұбы жетінші орынға табан тіреді.
Шорт-тректен өткен жарыста тағы жүлде алуымызға тамаша мүмкіндік болды. Әйелдердің 500 метрлік сайысында Яна Хан жеңіс тұғырына бір қадам жетпей қалып, төртінші орынды қанағат тұтты. Бұл тартыс Оңтүстік Кореяның өкілі Чхве Мин Джонның айқын жеңісімен аяқталды. Оның отандасы Пак Джи Юн қолаға қол созса, қытайлық Ичао Ван күміспен күптелді.
Көп кешікпей мұхиттың арғы жағалауынан тағы бір қуанышты хабар жетті. Құрамында Яна Хан, Мәлік Ермек, Алина Әжғалиева, Әлішер Абулқатымов, Әділ Ғалиахметов және Еркебұлан Шамұханов сынды шорт-трекшілері бар Қазақстан командасы аралас эстафетаның жұбаныш финалында бірінші орынды иеленді. Олардың көрсеткіші – 2:47.757. Бірақ басты финалда өнер көрсеткен Оңтүстік Корея, АҚШ және Қытай спортшыларының барлығы да ережені өрескел бұзғаны үшін жарыстан шеттетілді. Нәтижесінде, бас жүлдені Франция құрамасы олжаласа, отандастарымыз күміс медаль еншіледі. Ал қола жүлде жапондарға бұйырды.
Жексенбіде биатлоншылардың 15 шақырымдық масс-стартында Александр Мухин күміс медаль иеленді. Ол франциялық Аксель Гарньеден ғана қалып қойды. Қола медальді норвегиялық Эрьян Мосенг еншіледі. Дәл осы бәсекеде Қазақстанның өзге спортшылары мындай сатыларға жайғасты: Кирилл Бауэр – 4, Вадим Куралес – 7 және Бекентай Тұрлыбеков – 19.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін биатлоншы Вадим Куралес пен Бекентай Тұрлыбеков және шаңғымен тұғырдан секіруші Данил Васильев алдарына жан салмай, алтын тұғырға көтерілген еді. Биатлонды серік еткен еліміздің тағы бір дарынды спортшысы Александр Мухин мен құрамында Айша Рақышева, Надежда Степашкина және Ксения Шалыгина сынды шаңғышылары бар еліміздің әйелдер құрамасы эстафетада қола медальді мойындарында жарқыратты.
Қазақстанның шайбалы хоккейшілері Оңтүстік Корея (5:1), Мажарстан (9:1), Ұлыбритания (15:1) және Словакияның (4:1) тас-талқанын шығарғанын біз бұған дейін де хабарлағанбыз. Топтық турнирдің соңғы ойынында АҚШ-қа (1:4) есе жібердік. Соған қарамастан жерлестеріміз плей-оффқа шықты. Жартылай финалда Канадамен күш сынасты. Бұл бәсекеде Үйеңкі жапырақтар елі өкілдерінің мысы басым болды. Олар біздің қақпамызды төрт мәрте дәл көздеді. Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері бір ғана голмен жауап берді. Есеп – 1:4. Енді отандастарымыз Жапониямен қола медаль үшін таласады. Ал бас жүлде үшін тартыс АҚШ пен Канада құрмалары арасында өтеді.