Бұл күндері Таиландтың астанасы – Бангкокта бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты (U-22) жалғасып жатыр. Күні кеше ғана жартылай финалға жолдама алған барлық былғары қолғап шеберлерінің есімдері белгілі болды. Әзірге жерлестеріміздің аяқалысы жаман емес. Тай еліне сапар шеккен Қазақстанның 25 өренінің (13 ер+12 әйел) 20-сы (11 ер+9 әйел) жартылай финалда күш сынасу құрметіне ие болды.
Ширек финалда Санжар Тәшкенбай (48 кило) Чомбай Джексонды қуып жүріп сабаса, Нұрсұлтан Алтынбек (54 кило) Ахмед Шахар Мұхаммед Имдадтың екі аяғын бір етікке тықты. Махмұд Сабырхан (57 кило) Ақмал Мұхаммедті үшінші раундта айқын басымдықпен ұтты. Бұл қарсыластардың барлығы да – Малайзиядан. Дәл сол секілді Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кило) ринг қожайыны Роекпиджит Суфароекті техникалық нокаутпен жеңсе, Талғат Сырымбетовтің (60 кило) тәжікстандық Абубакр Муродзодадан мерейі үстем болды. Бәсеке басталған бетте Сабыржан Аққалыков (71 кило) кувейттік Сальман Әл-Шаммариді ауыр соққылардың астына алып, оны бірнеше рет есеңгіретті. Төрешінің жекпе-жекті екінші раундта тоқтатудан басқа амалы қалмады. Диас Молжігітов (75 кило) қырғызстандық Даниэль Абдрахмановты екі рет нокдаунға жіберсе, Ерасыл Жақпеков (80 кило) пен Бекбол Мурасбеков арасындағы кездесуде қырғыз спортшысы жарақат алып, жеңіс біздің жігітке берілді.
Әйелдер арасындағы бәсекеде Мөлдір Тойкова (50 кило) өзбекстандық Фарзона Фазиловадан, Виктория Графеева (57 кило) таиландтық Натнича Чонгпронгклонгтан айласын асырды. Ал Даниял Сәбит (51 кило), Әнел Құдайберген (48 кило), Жансая Рақымберді (52 кило) жарысты мерзімінен бұрын аяқтады. Ширек финалда Сағындық Тоғамбай (86 кило) өзбекстандық Шохжахон Абдуллаевтан нокаутпен жеңілді. Сонымен қатар қатысушылар санының аздығынан әйелдердің аса ауыр салмақтағы сайыстары өтпейтін болды. Соның салдарынан біздің Елдана Тәліп жүлдеден қағылды.
Естеріңізге сала кетейік, Бангкокта Абзал Серік (67 кило), Ерхат Бекзат (92 кило), Аманат Сабырғали (+92 кило), Әнел Сақыш (54 кило), Шахназ Исаева (60 кило), Назерке Серік (63 кило), Ақнар Ищанова (66 кило), Жасмин Қизатова (70 кило), Дана Дидай (75 кило) және Гүлсая Ержан (81 кило) сынды былғары қолғап шеберлеріміз бірде-бір рет рингке шықпай-ақ, бірден жартылай финалға жолдама алған еді.