Биыл көктемде жер жаһан жанкүйерлерінің назары қайта Қазақстанға ауады. Өйткені республикамыздың бас шаһары – Астанада шахматтан әлем чемпионы атағы сарапқа салынады. 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында өтетін бұл бәсекеде 32 жастағы ресейлік Ян Непомнящий мен 30 жастағы қытайлық Дин Лижэнь шеберлік байқасады.
Негізі әлем чемпионы атағы Магнус Карлсенге тиесілі. 32 жастағы Норвегияның мақтанышы 2013 жылы Үндістанның Ченнай қаласында жергілікті шахматшы Вишванатан Анандты ұтып, бас жүлдені олжалаған еді. Содан кейінгі 10 жыл аралығында қарсылас шақ келтірмеген ол өз атағын төрт мәрте сәтті қорғады. Тарқатып айтсақ, 2014 жылы Сочиде Анандтан (6½:4½), 2016 жылы Нью-Йоркте ресейлік Сергей Карякиннен (6:6, тай-брейк 3:1), 2018 жылы Лондонда америкалық Фабиано Каруанадан (6:6, тай-брейк 3:0) және 2021 жылы Дубайда Ян Непомнящийден (7½:3½) басым түсті. Бірақ былтыр жазда Карлсен өз атағын қорғаудан бас тартатынын ресми түрде жария етті. Сол себепті де чемпиондық атақ үшін тартыс биыл өзге ойыншылар арасында өтеді.
Чемпиондық атақ үшін кімдердің таласатыны былтыр 16 маусым мен 5 шілде аралығында Испанияның астанасы Мадридте өткен үміткерлер турнирінде анықталды. Бұл жарыста Теймур Раджабов (Әзербайжан), Хикару Накамура мен Фабиано Каруана (АҚШ), Ян-Кшиштоф Дуда (Польша), Ян Непомнящий мен Сергей Карякин (Ресей), Алиреза Фирузджа (Франция) және Рихард Раппорт (Мажарстан) бақ сынауға тиіс еді. Алайда Ресейдің Украинаға баса-көктеп кіруін ашық түрде қолдағаны үшін Карякин аталған турнирден шеттетілді. Оны қытайлық Дин Лижэнь алмастырды. Нәтижесінде, Пиреней түбегіндегі тартыс Ян Непомнящийдің жеңісімен аяқталып, ол чемпиондық тәж үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Ал Магнус Карлсен бәсекеге түсуден бас тартқаннан кейін таңдау үміткерлер турнирінде екінші орынды олжалаған Дин Лижэньге түсті.
Астанадағы жарыстың жүлде қоры 2 миллион еуроны құрайды. Сол сомманың 60 пайызы жеңімпазға тиесілі болса, 40 пайызы жеңілген ойыншыға табыс етіледі. Тағы бір айта кетерлігі, күні кеше ғана танымал кәсіпкер, меценат Тимур Турлов Қазақстан шахмат федерациясының президенті болып сайланды. FIDE-нің ресми сайтында жарияланған мәліметтерге сенсек, елімізде осындай аса жауапты жарыстың өтуіне дәл сол азамат сүбелі үлес қосқан екен.