«Ойхой, теңіз жайында әңгіме шерткен қандай ләззат?! Құй өзің сөйле, құй өзгені сөйлетіп қойып, жиын арасында ұйып тыңда мейлің»...
«Қан мен тердің» әуелгі «Ымырты» мен «Сергелдеңін» парақтап отырғанда тау мен қырда өскен адамға таңсық теңіз дүниесі баурап, кейде ақжал толқынға ат жалына жармасқандай ілесіп, кейде иіріміне түсіп, үйірсектеніп, сол балықшы ауылының жұртына бауырсақ бола бастайсың. Бірде Еламандай теңізден көз ала алмай арбалсаң, бірде «қыз дәурені қырда өткен» Ақбаладай таңсық әлемге таңырқап, енді бірде Тәңірбергендей теңізді айналсоқтап, кейде әлденеңді жоғалтқан кісідей, Әлиза кейуанадай күңіреніп келіп теңізбен тілдесесің.
Біз теңізді көрген жоқпыз. Көрмей жоғалттық. Қайран, көк теңіз, қайран, Арал!.. Осы кітапты қолға алғанда сол Аралдың аман шағындағы бейнесі, теңіз стихиясы, балықшылар өмірі бейнебір ескі кинолентадай көз алдыңнан көлбеп өтеді.
«Еламан бұған да сыр бермей, үй іргесінде шуылдап өкіріп жатқан көк теңізге қыбыр етпей көзін тігіп отыр». Осы Еламанның көзімен көк теңіздің күйін аңдап көрелік. Теңіз – тірі. Ол тірі құбылыс. Нұрпейісов соған сендіреді, соны сезіндіреді. Оның теңізі өкіреді, өксиді, солықтайды, ашуланады, күйзеледі, қаһарланады, жылайды.
«Еламан теңізге тартты... Теңізге шыққанда, сірә да, маңындағы кісі-қараның бар-жоғын байқамайтын. Төбеде көк аспан. Табан асты көк теңіз. Екі дүние арасында жабырқау ойды жанына серік қып, күні бойы күйбеңдеп жүріп өмір жөнінде ойлайды. Өзі жөнінде ойлайды. Өзінің теңіз үстінде ғана емес, өмірде де жалғыз екенін ойлайды». Еламанның жалғыздығы – теңіздің жалғыздығы. Еламанның жан дүниесі мен теңіздің жан дүниесі егіз. Екеуі де табиғаттың өз перзенті, өз баласы. Екеуі де Құдайдың қоңыры. Психологиялық параллелизм әдісімен осы екеуінің күйі қатар өріледі.
«Балықшылар таң алдында ғана тарады; үй іші төсек салғанша Еламан ауыл сыртына шығып, бой жазып қайтты; үй іргесінен басталатын ұлы теңіз таң алдындағы самал желге толқымай, ақырын тыныс алып, солықтап жатыр екен», «Үй іші жым-жырт. Май шам түтіндеп жанып тұр. Сырттан азынаған есірік желмен бірге өкірген теңіз сарыны үзбей естіледі», «Кешегі қара дауыл бүгін таң алдында басылып, жел шырадай тыныпты. Соған қарамастан бір көтеріліп кеткен ұлы теңіздің ашу-ызасы әлі басылмаған. Әлі де өз-өзінен долданып, қарауытып қайнап жатыр. Аңғар беттен сәл ғана жел соқса да шұғыл қаһарға мініп, қайта түтігуге әзір тұрғандай», «Күндіз теңіз үстінде балықшылардың тынышын алып болған есірік, бөгелек жел кешке қарай басылып, шырадай тынып, жағалаулардағы қара құйрық қамыс басы қозғалмай қалды. Соның өзінде теңіз суы күндегі шарасына сыймай ісініп барады. Аңғар жақта әлі де өксік бар». Еламан теңіздің күйін досындай, сырласындай ғана емес, өз анасындай сезінеді. Теңіздің қас-қабағын бағады. «Таң атқанша әлденеше тұрып, жағаға барады... Кеше де күн батар алдында теңіз жаққа көз салып еді; қара қатқан суың күшке мініп қылшылдап тұр екен».
Теңіз картинасына қанша үңілсеңіз де көзден таса, көңілден жырақ бір құбылыстар өтіп жататынын, оның сенен бөлек, саған тәуелсіз күйі бар екені сезіледі. Оны теңізде туғандар ғана аңдаса керек. Ол солардың мұғжизасы.
«Жел қатайып барады. Қамыс сасқалақтай судырлады. Көк теңіз түтігіп, қарауытып қайнап жатыр», «Күн тымық. Сонан келе сонау аңғар жақ қарағаннан қарап гүрілдеп, ұлы теңіздің кешегі дауылдан кейін әлі де тарқай қоймаған ашу-ызасын анық танытып тұр. Қараптан-қарап жатып көк теңіз ырғалып, кәрін тіге ыңыранып қояды», «Жел қатайып бара ма, қалай? Және кешеден бері бірыңғай аңғар беттен соғып, ұлы теңіздің ашу-ызасы бойына сыймай, ыңыранып өкіріп жатқан-ды». Сол құбылысты тап басып тани алмаған күйі Ақбаладай шошына, аңтарыла қарайсың: «Балықшылар көз ұшында қыбыр-қыбыр. Олардан арғы жақ әлі қатпаған, шалқыған қара су. Сол беттен, сонау аңғардан зор гүріл талып естіледі. Ұлы теңіз бір кез осылай күші бойына сыймай гүрілдеп жатады да, сосын қаһарын қаптатып әупіріп кетеді».
Ұлы мұхитқа шыққандар «теңіз ауруы» жайлы айтады ғой. Сол бір күйді Андрей мен Жалмұраттың жанталасынан да байқауға болады: «...Теңіз үстінің дауылы тіпті әлемет. Толқындар ірілене бастады. Қаптай соққан қара дауыл аралдың әупірім айқай желіне ұласты да, теңіз үсті түтігіп, уылдап-шуылдап, үйдей-үйдей толқындар су бетіне ереуілдеп ойнап шығады. Жалмұраттың басы айналды. Көк запыран кілкілдеп кеңірдегінде тұрып алды. Қайда қараса да қара жер көрінбеді. Табан асты түпсіз құрдым. Қайнаған теңіз көз алдында дөңгеленіп үйіріліп бара жатқасын бұл көзін жұмып алды. «Иә, Құдай... Өзің... Өзің сақта! Сақтай көр!». Үйдей толқындар енді ес жиғызбады. Үстінен баса қалатындай, бірінен кейін бірі гүрілдеп келіп. Онсыз да бір батып, бір шығып малтығып келе жатқан қайықты сүзеген бұқадай қағып өтеді. Қайық төңкеріле жаздап, екі қапталымен су сабалай бастады».
«Бел-Аран анау. Қараңғы түнде жотасы еміс-еміс қарауытады. Ұлы теңіз үй іргесінде ақырын солықтайды», «Қандыөзекке бет қойғанда әлгінде ғана шырадай тымық теңіз ырғалып ісіне бастады», «Жел көтеріліп кеткен. Ашық теңіз өкіріп, ақ жал толқындар ереуілдеп ойнақтап, онсыз да малтыға бастаған қайықтарды кеудесімен қағып өтеді», «Осы кезде жел де жынданып, күшіне мініп бара жатты. Ана жақта ұлы теңіз өкіреді», «Жел тынған. Теңіз де тынып, ашық айдын ақырын тыныс алып солықтап жатыр», «Патшасын құлатса да, халық бойындағы ыза әлі басылмай, дауыл алдындағы ұлы теңізше ісініп, шарасынан шығып жатқан қаһарлы бір күшті сезгені бар», «теңіз беті тып-тыныш; әншейінде ашу-ызасы бойына сыймай өкіріп уылдап-шуылдап жататын сонау аңғар бет, ашық айдын тап қазір толастап тыным тапқан. Бүкіл ұлы теңіз күн сәулесінің астында керіліп аппақ боп жалтырап жатыр екен», «Сонау жақта ыңыранып, талып естіліп тұрған теңіз сарынына бір сәт құлағын түріп...», «Күн суытқалы теңіз беті бұрынғыдан да қатты түтігіп, зәрлене қарауытып ыңыранып жатыр екен».
Міне, Нұрпейісов теңізінің бір сәті осындай. Осы сәтті сезінгенде, жаның рахаттанып, «Әп, бәрекелді!» деп Еламандай «теңізді басыңа көтеріп күліп жібергің келеді». Бірақ күле алмайсың. Теңіздің сол салтанаты, салқам күйі, шалқар дүниесі бүгін жоқ. Ол күлкі де жаңғырып барып теңізге жұтылғалы қашан. Ту сыртыңнан Тәңірберген күбірлегендей тіксіне түңілесің: «Байқайсың ба, осы теңіз ашулы-ау! Өкіріп жатқанын көрдің бе? Мынау өксігі»...