• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 22 Қаңтар, 2023

«Сынынан сақта, Алла, надандардың...»

457 рет
көрсетілді

«Сарыарқа мен Сырдағы,

Көшпелі қазақ баласы,

Ахуалыңа қарашы!

Артық кетті біздерден,

Өзгелердің һәммасы».

Бұл Шәді Жәңгірұлының 1913 жылы «Айқап» журналына шыққан «Қазақтарға сәлем хат» деген өлеңінің алғашқы жолдары. Ғалым-зерттеуші Немат Келімбетов айтқандай, жүз мың жолдай өлең-жыр жазып, оның жетпіс бес мыңдай жолы тірісінде Орынбор, Қазан, Ташкент қалаларында жарық көрген Шәді ақынның осы өлеңіне көңіл көзін жіберіп, санада сараласаңыз шайырдың халқына деген жанашырлығы мен іңкәр сезімін, толассыз күрестері аяусыз жаншылған жұртының шарасыз халіне күйініп, өз аталары Абылай, Қасым, Кенесары кеткен соң ел ішінде білгенін істеген озбыр күшке деген ыза-кегін көкірегі өксікке толып отырып жазғанын терең түйсінесіз.

Шығыс шайырларының соңы, асылдың сынығы саналатын Шәдінің ел тағдырына алабөтен алаңдап, қазақтың кешегі дәуренді заманының соңы қайда апарып соқтыратынына жауап іздеп, аласапыран күй кешкенін айна-қатесіз ұқтыратын бұл өлеңдегі:

«Қатарынан қалып қор болмақ,

Бірлік жоқ, ауыз аласы.

Кейінгі артын ойлап-ақ,

Қазақтың ата-бабасы,

Болар деп қоныс алып ед,

Арқа мен Сырдың саласы.

Көп еді қазақ жерінің

Өзен-су, адыр даласы.

Орнамадық кент салып,

Жоқта ешкім таласы

Бұл жерден қазақ айырылса,

Сонан соң қайда барады?..» деген сұрақ тек ақынды ғана емес, бүкіл қазақты толғандырған сауал еді. Шәді жұрттың сөзін сөйледі, өйткені оның тілегі халықтың арман-мұңымен үндес болды.

Хандық билік жойылып, ел тізгіні жат жұрттың қолына тиген заманда халқының болашақ тағдыры озық ойлы, көкірегі ояу, көзі ашық, ілім-білімі толысқан, даналыққа қол созған, ізгіліктің жолынан адаспас адамдарды қашанда ерекше толғандырған. Шәді Жәңгірұлы талассыз осы топтан табылды.

Ақынның ұлы атасы Абылай ханның «Елімді отырықшылыққа жеткізе алмадым, жер емшегін емдіре алмадым, білімді, сауатты жұрттың қатарына қоса алмадым. Бүкіл ғұмырым жортуылмен өтті» деген өкініші көпке мәлім. Абылайдың арманы Шәдіні де аз толғандырмаған. Сондықтан ол қазақты отырықшы ел болуға, білім-ғылым үйренуге үндеп, өрелі, кең тынысты өлеңдер жазды әрі онысын халқына жеткізе білді.

Жалпы, Шәді Жәңгірұлы еңбектерінің басым бөлігі Ислам діні ілімін насихаттау, түсіндіру бағытында болған. Десек те қазақтың қамын ойлап жазған, жұртын ілім-білім үйренуге шақырған, жақсыға жақындап, жаманнан жиренуге үндеген туындылары баршылық.

Шәді ақынның «Мінез» деген өлеңінде:

«Есектей халі кейбір адамдардың,

Көңілі тар, көзі соқыр жамандардың.

Сары жез бен сары алтынды айырмайтын

Сынынан сақта, Алла, надандардың...

...Ит білер сыйлағанды, надан білмес,

Сөйлеген сөздің мәнін жаман білмес.

Қабаған қанша арлан болғанменен,

Ас құйған атын атап адамға үрмес», деген жолдар бар. Ақын осы шумағы арқылы барлық жамандық надандықтан шығатынын, қазақтың көзі соқыр жамандардан тартқан тақсіреті қара жердің белін қайыстырар деңгейде болғанын ұқтырады.

«Алланың адам басы добы» деген,

Қуса да қалай қарай домалайды.

Болғанмен қанша күші тіреуленген,

Арамның әрекеті құралмайды...» дейді ақын. Мұндай пайымдар діни сауатты, парасатты Шәдінің туындыларында көптеп кездеседі. Оның осы іспетті ой-иірімдері – өмірден көргені мен түйгені мол ақынның әбден ой елегінен өткізген тұжырымдарының жемісі.

Ол – шығыс классикалық  әдебиетінің назиралық үлгісін жете меңгерген, ағар­тушылық бағыттағы ауқымды тақырыптарды жырлаған ғұлама шайыр.

Қазақ руханиятының қазынасына «Назым Сыяр Шәриф», «Назым Шәһар Дәруіш», «Шайхы Барси­са», «Беташар», «Қамар-заман», «Хатымтай хикаясы», «Хәзірәт Ескендір», «Тарихи Абылай хан», «Ибрахим Хали-луллаһ», «Мұса Перғауын хикаясы», «Аһуал Қиямет» тәрізді дастандар мен толғаулары бастаған көптеген шығармасын тарту еткен Шәді Жәңгірұлы күрделі тұлға. Оның мұралары әжептәуір зерттелген, десек те, туындыларын бүгінгі қоғамға қазіргі заманауи технология-құралдар арқылы түсіндіру, дәріптеу ұмыт қалды. Бұл олқылықтың орнын толтыруға бет бұрсақ, бүгінгі қазақ қоғамын рухани тұрғыда байытуға, дәстүрлі Ислам дінін түсіндірудегі кейбір теріс көзқарастардың жолын кесуге оң қадам жасалған болар еді.