• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Қаңтар, 2023

Автономды көзілдірік

217 рет
көрсетілді

Мысыр елінде NIS оқу­шыл­арының ноу-хауы жоғары бағаланды. Тал­ды­қорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мек­теп оқушыларының «на­шар көретін және зағип жандарға арналған көзіл­дірік» жобасы шетел­дік­терді таңғал­дырды.

Каирде өткен «Ai forum» жастар форумында бірегей жоба таныстырылды. Әлемнің 26 елінен келген ондаған команда өнеркәсіптік революция, жасанды интеллект, блокчейн, өнер және экология саласындағы жобаларымен бөлісті.

Форум 4 күнге созылды. Әртүрлі тақырып бойынша дәрістер мен семинарлар өтіп, оқушылар өзара пікір алмасты.

«Мен жасанды интеллект секциясында жобамды ұсындым. Біздің жоба қазы­лар алқасы мен көрермендердің жақсы бағасын алды. Осы өнертабыспен былтырдан бері айналысып келе­міз. Сондай-ақ осы форумда біз үшін танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Бұл шығар­машылық бас­таманы дамытуға көмектесетіні сөзсіз», дейді жоба авторларының бірі, 12-сынып оқушысы Виктор Кахно.

Виктор Кахно, Максим Сурин, Мирхаят Дени ноу-хауы екінші жыл қатарынан Enactus World Cup студенттік кәсіпкерліктің финалисі атанды. Өткен жылы балаларға NARXOZ университетінің мемлекеттік грантының сертификаттары табыс етілген еді.

Айта кетейік, нашар көре­тін және зағип жандарға арнал­ған көзілдірік камераның көме­гімен, арнайы сенсормен жұмыс істейді. Бұл камераның іске қосылуы үшін оқушылар арнайы бағдарлама кодын жазған. Осылайша, инфрақызыл толқын­дардың көмегімен технология объектілерге, көліктің кез келген түріне, бағдаршамдарға, жол белгілеріне, велосипедшілер мен адамдарға дейінгі қашықтықты анықтай алады.

Жас өнертапқыштар автономды көзілдіріктердің көмегімен қала бойынша өз бетінше қауіпсіз қозғалуға болатынын айтады. Бұл әдіс зағип жандардың күнделікті өмірін айтарлықтай жеңілдетеді деген қорытындыға келіп отыр.

 

Жетісу облысы