Қостанай облыстық мәдениет басқармасы басшысы Е.Қалмақовтың бұйрығымен Азамат Төлегетайұлы Шүкеевке І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры басшысының міндетін атқару жүктелді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өңірлік «Қостанай таңы» газетінің жазуынша, театр труппасы бұған дейін А.Шүкеевтің кандидатурасын қолдап, басқармаға ұжымдық хат жолдаған.
Азамат Төлегетайұлы 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. 2003 жылы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын «Музыка театрының актері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Шығармашылық еңбек жолын Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында бастады. 2012 жылдан бері І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында еңбек етіп келеді.
«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Жоғары санатты актер. Көптеген басты рөлдерді сомдап, жоғары жетістіктерге жеткен. «Арт-Премьер» Халықаралық өнер фестивалінде үздік шығып, «Признание» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломының иегері атанған. 2021 жылғы «Темірқазық – 2021» театр сыйлығының «Үздік ер бейнесі» номинациясының лауреаты. Шығармашылық табысы үшін Қостанай облысының «Рухани қазына – 2022» облыстық байқауының «Театр және концерт ұйымының үздік қызметкері» номинациясының жеңімпазы, «Ахмет Байтұрсынұлы 150 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.