• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қаңтар, 2023

Көктей солған көкөніс

215 рет
көрсетілді

Аяз бен қар шымкенттік диқандарды да қып-қызыл шығынға батырып кетті. Көкөніс біткеннің көктей солғаны аздай, тобықтан аса жауған қалың қар жылыжай құрылымдарын да қиратып тынды. Бұған кім кінәлі? Жапа шеккен диқандардың ендігі жағдайы не болмақ?

«Зәуре» шаруа қожалығының төра­йы­мы Жания Ашықбекованың айтуынша, осының бәріне көмірдің жоқтығы себеп.

– Қарамағымызда екі жылыжай бар. Бірі Түркістан облысының Сайрам ауданында, екіншісі Шымкенттің іргесінде орналасқан. Қаладағы жылыжайдың көлемі – 3 гектар. Өндірістік бағыттағы бұл кешенге қызанақ еккенбіз. Оның өнімін сонау шілдеге дейін жинауымыз керек болған. Бірақ аяздың салдарынан бәрі үсіп кетіп, еңбегіміз еш болды. 3 гектар жылыжайдағы өнімдердің дымы қалмай үсікке ұрынған соң амал жоқ қоқысқа апарып төктік. Есіл еңбегіміз текке кеткеніне ішім удай ашып отыр. Оның үстіне көмір де қолды бөгегенін қайтерсің. Шұбаркөлдікі деп алған көміріміз жанбай әлекке түсірді. Дым жылуы жоқ, ол неғылған көмір болды екен?! Қол қусырып қарап отырмаймыз ғой. Қайта егуіміз керек. Бірақ істі бастауға қаражатты қайдан аламыз? Ойлансам, басым қатады. Өйткені Аграрлық несие корпорациясынан 700 млн теңге несие алып қойғанбыз. Жыл сайын 90-100 млн теңге несие қарызын төлейміз. Биыл сол қарыздан қалай құтыламыз? Жағдай болса мынау. Сондықтан Үкімет бізге жәрдем беріп, несие қарызын төлеуді шамалы шегере тұрса екен. Біздің бар тілек осы, – дейді кәсіпкер етегі жасқа толып.

Өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Шымкенттегі «Аделя» шаруа қожалығында жылыжай шаруашылығындағы диқандардың басын қосып, саладағы проблемаларды талқылапты. Сонда шаруалар министрдің алдына үш үлкен мәселе қойыпты.

Біріншіден, жарық, газ, көмір бағасы қымбат. Отынның барлығы өзімізде өндірілсе де құны диқандарға өте қым­батқа түсіп жатыр. Сондықтан жылу­ға кеткен шығынды мемлекет тарапынан субсидиялау қажет. Кәсіпкер осы тұста Түрікменстанды мысалға кел­тір­ді. Ол елде газдың құны біздікімен салыстырғанда анағұрлым төмен екен. «Зәуре» шаруа қожалығы 1 текше метр газға 37 теңгеден төлейді. Сайрам ауда­нындағы жылыжайды жылыту үшін күн сайын 1 миллион теңгенің үстінде газ жағып отыр. Сонымен министрлік бұл мәселені шешуге уәде берген, тіпті арнайы жұмыс тобын құратын болған. Алайда кәсіпкердің айтуынша, берілген уәде бүгінге дейін орындалмай келеді.

Екіншіден, көктемде өнім піскенде жергілікті диқандар жылыжайда өсірген өнімдерін нарыққа шығарады. Ал сол кезде базарлар мен сауда нүктелерін, әсіресе Түрікменстанның арзан қызанақтары басып қалады екен. Негізінде былтыр «Зәуре» шаруа қожалығының өндір­ген қызанақтарының өзіндік құны 350-400 теңгеден айналыпты. Алайда Тү­рікменстан, Өзбекстаннан келген арзан өнімдер­дің салдарынан бұлар қызанақты 150 теңгеден сатуға мәжбүр болып, пайда көрудің орнына қып-қызыл шығынға батыпты. Сол сатқан өнімдері «Магнум» секілді ірі сауда орындарында 500-600 теңгеден сатылған. Демек бағаны көтеріп отырған – ортадағы делдалдар. Ал жұрт көкөністің қымбат бағасын диқандардан көреді. Сондықтан сауда мәселесін ретке келтіру керек екенін айтады кәсіпкер.

Сонымен бірге ол Орталық Азия елдері­нен келетін көкөністердің көпшілігі кон­тра­бандалық жолмен ішке енетінін айтып қалды. Егер заңды түрде баж салығын төлеп, елімізге кіргізілсе, бағасы арзан болмас еді. Тиісінше, жергілікті диқандардың өнімі бәсекелестікке шыдар еді. Отандық кәсіпкерлер де еккен өнімінен пайда тауып, табысқа кенелген болады. Осы проблемаға орай диқандар жабылып, Сауда және интеграция министрлігіне ашық хат жазыпты. Ол жақтан «Орталық Азия елдерімен арада еркін сауда аймағын құру туралы келісім бар. Соған орай тосқауыл қоятын нақты шаралар қабылдай алмаймыз» деген мазмұнда жауап келген.

– Жарайды, солай-ақ болсын. Бірақ бәрі әділ болсын да. Түрікменстаннан өнімдер бізге тонналап келіп жатыр. Біз дәл солай осы елге өз өнімімізді өткізе аламыз ба?! Өкінішке қарай, жоқ. Түрлі сылтау тауып, әйтеуір нарығына кіргізбеудің амалын жасайды. Мәселен, жоқ жерден өсімдік ауруын ойлап таба салады. Түрікменстанды қойшы, бір одақтың шеңберіндегі Ресейге былтыр қызанақты кіргізе алмадық қой. Сылтау біреу-ақ. Қазақстандық қызанақтардан қауіпті кесел табылыпты-мыс. Үкімет осы жағын ескерсе екен. Сауда нарығындағы ойында неге допты тек бір қақпаға сала беру керек, – дейді шаруа.

Е.Қарашөкеевпен кездесуде осы мәсе­ле көтерілген. Бірақ әлі күнге дейін нақ­ты істер қолға алынбай тұр.

Үшіншіден, қазір тыңайтқыштардың бағасы да аспандап кеткен. Бағасы қанша болса да, шаруа байғұс алмай тұрмайды. Соның кесірінен жыл сайын диқандар өз қалталарынан миллиондап шығын шығаруға мәжбүр. Мәселен, дәл сол «Зәуре» шаруа қожалығы 3 гектар жылыжайға айына 4-5 млн теңге жұмсайды екен. Осыдан кейін көкө­ніс­тің бағасы қалай арзандамақ. Бұл мәселені шешудің де бір-ақ жолы бар. Ол ­– мемлекеттік көмек. Басқаша айтқанда, субсидия. Шаруалар осы ұсынысты да министрдің алдына қойған. Алайда ведомство тарапынан ешқандай әрекет байқалмайды.

– Жылыжай шаруашылығының ди­қан­дары өз проблемасымен бетпе-бет қалды. Қолұшын берер ешкім жоқ. Өзімізді тура жетім қозыдай сезінеміз. Табыстан гөрі әйтеуір шығынға батып жатқан бір шаруа. Бүйте берсек, ертең күніміз не болады? Шыны керек, ертеңгі күнге деген үмітпен өзімізді алдап жүр­­­міз. Ал бірақ дәл қазір шаруалардың көбі ашулы. Жағдай түзелмесе, қо­­йыл­ған талаптар шешілмесе, қажетті кө­мек бол­маса, мәселені төтесінен қоя­мыз деп бекініп отыр, – дейді Жания Ашықбекова.

Біз осы мәселемен жергілікті кәсіп­керлер палатасына хабарластық. Бизнес өкілдерінің құқығын қорғау ұйымының мамандары шығынға батқан немесе жоғарыдағы кейіпкеріміз секілді несие төлеуде қиындыққа ұшыраған диқандардың қаржылық проблемасына араласа алмайтынын, оларда ондай құ­зы­­реттің жоқ екенін жеткізді. Тек мем­лекеттік орган тарапынан қандай да бір әкімшілік кедергілер болса, палата жанындағы тұрақты кеңестің күн тәртібіне шығара алады. Кәсіпкерлер палатасының өкілі Клара Серікбаеваның айтуынша, өткен жылы шаруалар коммуналдық шығындардың субсидия­лау мәселесін арқалап ұйымға келіпті. Жергілікті палата мамандары өтінішті жинақтап, Астанадағы бас өкілдігіне жолдаған. Ал кешегі аяз бен қардың салдарынан болған оқиғаға байланысты шаруалардың ешқайсысы көмек сұрап, палата есігін қақпапты.

Айтқандай, Шымкенттегі Алматы тас жолы бойында орналасқан аумағы 5 гектарды құрайтын «Агропарк» ком­­­па­ниясының жылыжай кешені де та­би­ғат­тың тосын мінезінен әжептәуір шығын шеккен. Жылыжай қожалығы иелерінің есептеуінше, шығын көлемі 500 млн теңгенің үстіне шыққан. Диқандар қар борап, аяз соққан күні өнімдер үсісе үси берсін, нысанға зиян келмесе болды деп жылыжайдың клеенкасын қолдарымен тесіпті. Дегенмен кей жерлерде тіреуіш бағаналар шыдас бермей, құлаған.

 

ШЫМКЕНТ