Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлаудың басты ерекшеліктерінің бірі – аралас сайлау жүйесі бойынша өтуі. Яғни ондағы 69 депутат партиялық тізіммен пропорционалды жүйе бойынша, ал 29 депутат бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланады.
Бір айта кетерлігі, заң шығарушы орган мүшелерін сайлаудың осындай жүйесі әлемнің басқа елдерінде де кездеседі. Мысалы, Жаңа Зеландия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Литва, Мексика, Ұлыбритания. Әрине, елдердің әрқайсысының өзіндік айырмашылықтары, ерекше белгілері бар. Бірақ жалпы алғанда аралас сайлау жүйесі пропорционалды жүйенің де, мажоритарлық жүйенің де тиімді тұстарын пайдалануға мүмкіндік береді.
Аралас сайлау жүйесінің тағы бір артықшылығы, сайлаушы енді партияларға, сондай-ақ өз аймағынан белгілі бір кандидатқа дауыс беру арқылы белгілі бір саяси бағдарламаны таңдайды. Осылайша, саяси мүдделердің өкілдігі сақталады және сайлаушы мен белгілі бір аймақтан сайланған депутат арасындағы байланыс нығаяды. Оның үстіне сайлаушылар енді бір мандатты округ бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу мүмкіндігіне ие. Бұл депутаттар жұмысының тиімділігіне, олардың ашықтығы мен азаматтарға қолжетімділігіне оң әсер етуге тиіс.
Саяси өмірді жандандыру идеясын жалғастыра отырып, жаңа жүйе елдегі партиялық жүйе мен көппартиялықтың дамуына да серпін бермек. Мысалы, Жаңа Зеландияда аралас жүйе енгізілгеннен кейін этностық және тілдік азшылықтар мүддесін қорғайтын ұсақ саяси партиялар Парламентте өкілдік алды.
Оның үстіне саяси партиялар аймақтық деңгейде де белсенді түрде әрекет етеді. Өйткені бір мандатты округтердегі сайлау елдің заң шығарушы органында депутаттық орын алуға қосымша мүмкіндік береді. Осылайша, 2023 жылғы парламент сайлауы саяси партиялар, саяси белсенді азаматтар мен қазақстандық сайлаушылар арасындағы қарым-қатынасты нығайтады.
Әмина ҮРПЕКОВА,
сарапшы