Өткен жылы 125 миллион халқы бар Жапонияда 800 мыңға жетер-жетпес сәби дүниеге келген. Демографиялық өсімнің мұндай төмен көрсеткіші бұрың соңды болмаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бала туу көрсеткішінің төмендеуіне қатысты мәселе біршама елдерді алаңдатып отырған жағдай. Әсіресе Жапония мемлекетінде күрт төмендеу байқалған. Соңғы он жылдың ішінде орташа өмір сүру ұзақтығы өсіп, егде адамдар саны едәуір артқан. Бұл адамдардың еңбекке жарамдылық деңгейін төмендетіп, жұмысшылар санының азаюына алып келетінін білдіреді.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, Жапония 65 жастан асқан адамдардың үлесі бойынша әлемде екінші орында тұр. Қазіргі кезде Жапон үкіметінің алдында «еңбекке қабілетті қоғам бола аламыз ба, жоқ па?» деген сауал тұр. Соңғы жылдары билік балаларға қатысты бағдарламаларға қаржыны екі есе ұлғайтқан. Десе де зерттеушілердің болжауынша, осы ғасырдың аяғына дейін Жапон халқының саны 126 миллионнан 50 миллионға дейін азаяды.
«Бала туу көрсеткішінің төмендеуі бірқатар факторларға байланысты болып отыр, соның ішінде, қымбатшылық пен әйелдердің жұмысбастылығы басты себептердің бірі ретінде анықталды», дейді зерттеуші-журналист Руперт Уингфилд-Хейс.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы Қазақстанда да бала туу көрсеткіші 11 пайызға төмендеген.
Айтолған ЖҮНІСХАН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті