• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 24 Қаңтар, 2023

Алматыда инкассаторға кісі өлтірді деген айып тағылды

338 рет
көрсетілді

Ілияс Байдуалиев Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде айырбастау пункттерінің бірінің жанында қаза тапқан Қалежан Нығметжановты қасақана өлтірді деп айыпталды. Кезекті сот процесі сот сарапшысынан жауап алудан басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Іс Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр, бұл осымен бесінші отырыс. Алдыңғы тыңдауларда айыптаушы мен қорғаушы тарапынан жауап алынған еді. Алматы полиция департаменті инкассаторға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 15-тармағы бойынша қасақана кісі өлтірді деген айып тақты. Сондай-ақ айырбастау пунктіне шабуыл жасауға қатысқан төрт адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Айыпталушының қорғаушысы оқиға кезінде оқ абайсызда атылған деп, «абайсызда адам өлтіру» бабын талап етіп отыр.

Бүгінгі сот процесі сот-медициналық сарапшы Мұрат Нұрлыбаевтан жауап алудан басталды. Ол марқұмның денесіне зерттеу жүргізіп, оның қайтыс болу себебін анықтаған. Сараптаманың қорытындысы көрсеткендей, қаза тапқан азамат атылған оқтан қайтыс болған. Алайда марқұмның денесінен оқ табылмаған.

«Оқ артынан атылып, төменнен жоғары бойлап, шамамен 6 см тереңдеген. Жарақат алғаннан кейін қандай да бір шаралар қабылданып, медициналық көмектер көрсетілген болуы мүмкін. Мәйіт оқиға орнынан мәйітханаға жеткізіліп, эксгумация жүргізілді. Болжам бойынша, оқ қайтып шыққан немесе біреу оны суырып алған болуы мүмкін», деді Мұрат Нұрлыбаев.   

Сот-медициналық сарапшысы жарақат уақытын анықтау мүмкін емес екенін айтты. Өйткені сараптама эксгумациядан кейін жүргізілген.

Сонымен қатар сот процесінде куәгерлердің айғақ бейнематериалдары мен оқиға болған жердегі бейнежазбалар қаралды.      

Бұған дейін адвокат Алма Мусина өзінің Facebook парақшасында 2022 жылдың 5 қаңтарында сағат 22:00 шамасында инкассаторлар айырбастау пунктіне келіп, оны бес адам тонап жатқанын көргені туралы жазған. Оның айтуынша, инкассаторлар тонаушыларды өз бетінше ұстауға тырысқан. Полицияға хабарласу мүмкін болмаған соң, ұсталғандардың құжаттары мен телефондарын алып, оларды құқық қорғау органдарына мүмкіндігінше тезірек беру үшін көлігін базаға шығару туралы шешім қабылдаған. Бір сәтте ұрылардың бірі әрі жәбірленуші Нығметжанов қашып кетуге тырысқан. Қашып бара жатып, сүрініп құлаған. Оны Байдуалиев құлаған орнынан тұрғызбақ болған кезде абайсызда оқ атылған.

Кейін Қалежан Нығметжановтың 6 қаңтарда қайтыс болғаны белгілі болды. Ал Ілияс Байдуалиевке қасақана кісі өлтірді деген айып тағылды.

 

Айтолған ЖҮНІСХАН,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті