Кеше Жетісу облысының тасжолдарында ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда қалып қойған жолаушылар эвакуацияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Кеше сағат 16.45-те құрамында 6 құтқарушы және 2 бірлік техника бар Жедел құтқару жасағының құтқарушылары «Үшарал-Достық» автожолының «Ырғайты» учаскесінде қар құрсауында қалған 4 автокөліктен 7 адамды құтқарды. Олар сағат 20.05-те Көктұма ауылының жылыту пунктіне жеткізілді», делінген Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар сағат 22.50-де Қабанбай ауылынан 15 шақырым жерде, «Бесқопа» учаскесінде, Қабанбай ауылының өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жол бойында бұзылған «Газ-53» жүк көлігінен 2 адамды құтқарып, қауіпсіз жерге жеткізген. Құтқарылғандардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған.
Естеріңізге сала кетсек, 22 қаңтар күні сағат 18.00-де ауа райының нашарлауына байланысты жол қызметтері республикалық маңызы бар «Үшарал-Достық» автожолында барлық автокөлік түрлері үшін қозғалысты жабу туралы шешім қабылданды.