Кеше Мәскеудегі Vegas City Hall кешенінде «Шахмат жұлдыздары» деп аталатын халықаралық турнир басталды. Бір аптаға созылатын жарыста жер-жаһанның әр қиырынан жиналған 10 гроссмейстер бақ сынап жатыр.
Аталған додаға біздің Бибісара Асаубаева да қатысады. Оның осындай құрметке бөленуі тегін емес. Кезінде түрлі жас ерекшеліктері бойынша әлем және құрлық біріншіліктерінде сан мәрте бас жүлдені олжалаған 18 жастағы қазақ қызы әйелдер арасында да орасан зор табыстарға қол жеткізіп үлгерді. Атап айтсақ, 2021 және 2022 жылдары қатарынан екі рет блицтен әлем чемпионы атанды. Былтыр рапидтен әлем біріншілігінің күміс медалін иеленді. Сол жылы Азияның ең үздік шахматшысы деп танылды. Бибісара басқа да аса ірі халықаралық жарыстарда олжаға кенеліп жүр.
Асаубаевадан бөлек, Мәскеудегі турнирде Теймур Раджабов (Әзербайжан), Франсиско Вальехо (Испания), Раунак Садхвани (Үндістан), Сергей Карякин, Александр Грищук, Санан Сюгиров, Владислав Артемьев, Александра Горячкина және Екатерина Лагно (Ресей) сынды гроссмейстерлер өз өнерлерін ортаға салып жатыр.