Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Астананың «Барысы» Магнитогорскіде жергілікті «Металлургпен» өткізді.
Плей-оффқа шығу үшін жанталасып жатқан елордалық клуб Магнитогорскіде жақсы ойын өрнегін көрсетіп, қажетті ұпайды қоржынға салады деп үміттендік. Бірақ бұл жолы біз ойлағандай болмады. Иә, «Барыс» бәсекені жап-жақсы бастады. 7 минутта Әділ Бекетаевтан жақсы пас алған Джереми Бракко есеп ашты – 0:1. Екінші кезеңнің басталғанына бар-жоғы 26 секунд өткенде Андрей Чибисов таразы басын теңестіріп кетті – 1:1. Бұл есеп кездесудің соңына дейін сақталып, яғни 40 минут бойы өзгерген жоқ. Ал овертаймда «Металлургтің» шабуылшысы Денис Зернов жеңіс голын соқты – 2:1.
Осы жеңілістен кейін «Барыс» жарыс кестесіндегі жағдайын тағы да нашарлатып алды. Қазіргі кезде 56 ойыннан кейін 53 ұпай жинаған жерлестеріміз Шығыс конференциясында 10-орында тұр. Бүгін астаналықтар өз мұз айдынында Череповецтің «Северсталін» қабылдайды.