Бокстан Бангкокта өтіп жатқан жастар арасындағы (U-22) Азия чемпионаты мәреге жақындады. Дүйсенбі күні біз ерлер арасындағы жартылай финалдық сайыстарды тамашаладық. Сол кеште шаршы алаңға шыққан 11 жерлесіміздің бесеуі осы межеде сүрініп, қола медальді қанағат тұтты. Ал жеңіске жеткен алты жігітіміз ертең чемпиондық атақ үшін таласады.
Алдымен жеңілістің кермек дәмін татып, өз жанкүйерлерін жерге қаратқандар жайында әңгімелейік. 60 кило салмақтағы Талғат Сырымбетов Пхутханет Родсукті бірінші раундта нокдаунға жіберді. Алайда одан кейін Таиландтың тастүлегі қарқынын күрт күшейтіп, қандасымызды біраз әбігерге салды. Талғат та аянып қалған жоқ. Десек те бәсеке аяқталғаннан кейін төрешілер біраз ойлана-толғана келе, жергілікті былғары қолғап шеберінің қолын көтерді. 63,5 килодағы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы қанша тырысса да, моңғолиялық Тулга Оюнбаатардың осал тұсын таба алмады.
Ең соңғы болып рингке көтерілген үш боксшымыздың үшеуі де үлкен сынақтарға әлі де даяр емес екендерінен байқатты. Ең өкініштісі, олардың барлығы да Өзбекстанның өрендерінен ұтылды. Атап айтсақ, Ерасыл Жақпеков (80 кило) Жасурбек Юлдошевке, Ерхат Бекзат (92 кило) Нусратбек Тохировқа, ал Аманат Сабырғали (+92 кило) Жахонгир Зокировқа есе жіберді. Осы жайттың өзі-ақ қазіргі кезде қазақтарға қарағанда өзбек боксының көші біршама ілгері екенін аңғартса керек. Әрине, республикалық федерацияның басшылары мен ұлттық құрама бапкерлері біздің бұл пікірімізді теріске шығаруға тырысатыны анық. Бірақ жартылай финалда Қазақстан мен Өзбекстанның былғары қолғап шеберлері өзара үш рет кездесіп, бұл бәсекелердің барлығы «ала тақиялылардың» жеңісімен аяқталғанын олар қалай түсіндірер екен? Соның алдында ғана дәл осы межеде өзбектің бұрымдылары қазақтың үш қызын оңдырмай сабап тастағаны тағы бар. Соған қалай намыстанбайсың?! Елге келген соң біздің «майталмандар» әдеттегідей барлық кінәні төрешілерге артып, өздерін ақтап алуға тырыса ма? Әлде бұл жолы басқа уәж айта ма? Осындай сансыз сауалдардың жауабын санаулы күндерден кейін Қазақстанның жастар құрамасы Тай елі сапарынан оралғаннан кейін білетін боламыз.
Жартылай финалда қарсыластарын қапы қалдырып, финалға шыққан алты жігітке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. 48 кило салмақ дәрежесіндегі Санжар Тәшкенбай Наттхапхонг Тхуамчароенді тізе бүктірді. Төрешілер ринг қожайынына болысқылары келгенімен, қазақ боксшысына килігуге еш ілік таппады. Бұл жекпе-жекте Санжар күмәнсіз жеңіске жетті. 54 килодағы Нұрсұлтан Алтынбек қырғызстандық Ислам Торобаевтан басым түссе, 57 килодағы Махмұд Сабырхан филиппиндік Джеричо Акайларды еш қиналмай еңсерді. 67 кило салмақтағы Абзал Серік Пенх Вантхунгпен күш сынасты. Қандасымыздың шеберлік деңгейі Камбоджаның өкілінен әлдеқайда жоғары екені бірден байқалды. Абзал оны алдап та, арбап та ұрды. Үшінші раундта бір рет есеңгіретіп те алды.
71 кило салмақтағы Сабыржан Аққалықовтың тәжікстандық Довуд Махкамовты жеңетініне ешкімнің күмәні болған жоқ. Жастар арасында әлем чемпионы деген атағы бар қазақ боксшысы ересектер дуына да еркін қосылып, біраз уақыттан бері өрелі өнерімен көзге түсіп жүр. Жартылай финалда ол қарсыласын сан соқтырды. 75 килодағы Диас Молжігітовтің қытайлық Аиликути Кахаерден мысы басым болды.
Жартылай финалға дейін жеткен боксшылардың саны бойынша Қазақстан мен Өзбекстан өзгелерден көші ілгері тұр. Олардың әрқайсысының 11 өрені жеңіс тұғырына көтерілді. Үшінші орында – Қырғызстан. Қырғыздың жеті спортшысы дәл сондай құрметке бөленді. Сондай-ақ осы межеде өнер көрсеткен басқа мемлекет өкілдерінің саны мынадай: Таиланд пен Филиппин – 4, Моңғолия, Тәжікстан, Қытай – 3, Индонезия мен Камбоджа – 2 және Малайзия мен Непал – 1. Енді солардың арасынан кімдердің озып шығып, Азия чемпионы атанатынын 26 қаңтарда білетін боламыз. Ал қыздардың финалдық сайысы бүгін өтеді.
Ертең өтетін ақтық сында Санжар Тәшкенбай Шодиержон Мелкузиевпен, Абзал Серік Бекзод Хамидовпен, Сабыржан Аққалықов Нурислам Исмоиловпен және Диас Молжігітов Алохон Абдуллаевпен айқасады. Бұл боксшылардың барлығы да – Өзбекстаннан. Яғни көршілес қос мемлекеттің өзара «қақтығысы» қайта жалғасатын болады. Осы жолы жігіттеріміз намысқа тырысады деп үміттенеміз. Ал Нұрсұлтан Алтынбек филиппиндік Флинт Джарамен жұдырықтасса, Махмұт Сабырхан таиландтық Саравут Суктхетпен сайысқа түседі.