Ақтөбе облысында қаңтарда коронавирус инфекциясына шалдыққан 24 науқас тіркелсе, кейінгі аптада бірде-бір коронавирус белгісі бар адам табылмаған. 17 қаңтарда анықталған ең соңғы науқас – тұмау белгілерімен жұқпалы аурулар ауруханасына түскен жүкті келіншек. Ауруханада одан коронавирусқа қарсы ПТР-тест алынғанда, оң нәтиже көрсеткен.
Дегенмен еліміздің эпидемиялық ахуал бойынша «жасыл» аймақта тұрғанына қарамастан, арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені коронавирустың әлсіз штамдарының тұмау және вирусты инфекцияға қосылып кету жағдайын да жоққа шығармайды дәрігерлер. Оның үстіне кейінгі айда әлемде коронавирустың жаңа штамдары тіркеліп жатыр. Сондықтан коронавирусқа қарсы вакцина алу жалғаса береді. Алдағы наурыз айының соңына дейін Ақтөбе облысына Pfizer екпесі әкелінеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндалды.
Желтоқсаннан бастап өңірде адамның жоғарғы тыныс жолдарын зақымдайтын жіті респираторлы вирусты инфекция және тұмау өршіп кетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың хабарлауынша, биыл тұмаумен балалар көп ауырды. Және бір ерекшелігі – тұмау адамның ағзасынан ұзақ уақыт кетпейтіні байқалды.
«Биыл қаңтар айында Ақтөбе облысында тұмауға шалдыққан 626 мектеп оқушысы, 938 жүкті әйел тіркелді. Кейінгі екі айда тұрғындар арасында тұмаудың А және Р түрі қатар тарады. Дәрігерге жүгінген науқастардан полимералды тізбек реакциясымен 2 675 үлгі зерттелгенде, оның 238-інен тұмау белгілері анықталды. Тіркелген науқастардың 85 пайызы тұмаудың риновирусты инфекциясына, 15 пайызы аденовирусты түріне шалдыққаны анықталды. Дене қызуы жоғарылап, қатты жөтел мен тыныс алуы қиындаған 126 жүкті әйел, бір жасқа дейінгі 104 сәби жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Кейінгі аптада тұмау мен жіті респираторлы вирусты инфекцияға шалдығушылар санының бәсеңдегені байқалады. Қазіргі уақытта 65 тұрғын стационарлық жағдайда ем қабылдап жатыр. Оның 61-і Ақтөбе қаласында, төртеуі аудандық ауруханаларда емделуде. Облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында тұмауы асқынған бір жасқа дейінгі 25 бала, 3 жасқа дейінгі 19 бала, 10 жүкті әйел ем қабылдап жатыр», дейді Б.Ізбасаров.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегіне қарағанда, Ақтөбе облысында кейінгі сегіз ай ішінде жіті респираторлы вирусты инфекция және тұмаумен 43 835 адам ауырып, дәрігерлер көмегіне жүгінген. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың арасында 24 869, бір жасқа дейінгі балалар арасында 1 254 жағдай тіркелді. Қараша, желтоқсан, қаңтар айында 208 мектеп оқушысы ЖРВИ және тұмаумен ауырып шыққан. Қыстың соңғы айы да таяу қалғанына қарамастан, санитарлық-эпидемологиялық қызмет мамандары тұрғындардың сақтық шаралардан бас тартпауын сұрайды. Жұқпалы ауруға шалдықпау үшін қоғамдық орындарда маска тағып, белсенді дене жаттығуларын жасап, ашық ауада серуендеу керек, үй-жайларды үнемі желдетіп тұру қажет деп кеңес береді. Қыс кезінде адам ағзасында дәрумендер жетіспеушілігі байқалатындықтан, дұрыс тамақтануға мән беру керек.
Бұл ретте қазан айынан бастап Ақтөбе облысында алдын ала тұмауға қарсы 170 мыңнан аса тұрғын екпе алғанын айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта тұрғындар арасында тұмау мен жіті респираторлы вирусты инфекцияға шалдыққандар саны айтарлықтай төмендеді.
Ақтөбе облысы