Жаңа жыл алдында, дәлірек айтқанда, 28 желтоқсанда астық тиелген 19 вагон рельстен шығып кетіп, мыңдаған тонна бидай ақ қар, көк мұзға шашылды. Қарағанды облысының Қарабас стансасында болған оқыс оқиғаның әлі күнге тараптарды пәтуаластырар бір байламы шыққан жоқ.
Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығы «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның БАҚ-та тергеп-тексерусіз кәсіпкерлерді айыптауына наразы. Оған қоса қауымдастықтың мәлімдеуінше, апаттан соң іле-шала тексеретін арнайы комиссия құрылмаған. Комиссия тек 10 күннен кейін ғана жұмысын бастаған. «Бұл – вагон иесі және бидай тасымалдаушылар құқығын өрескел бұзу», дейді «Ақ жол» Қазақстан-демократиялық партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы Ермек Әбілдин. Кәсіпкерлердің айтуынша, апатқа «Қазақстан темір жолының» тозығы жеткен инфрақұрылымы себеп болған. Сондықтан олар апаттың толық тергеліп, әділ шешімі шығуын сұрайды.
Апат болған күні «Қазақстан темір жолы» АҚ мәлімдеме жасаған еді. «Алдын ала мәліметтер бойынша вагондардың жолдан шығып кетуіне жеке меншікке тиесілі бірінші астық тасымалдаушы доңғалақ жұбының кептеліп қалуы себеп болған. Бұл жағдайды тексеру үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да арнайы комиссия құрылды», деп мәлімдеді ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы Ермек Төлеуұлы ҚТЖ-ның жүк вагондарын тасымалдауға қабылдарда оны тексеріп алатындығын айтады. Сол уақытта ешқандай ескерту жасалмаған, ақау табылмаған.
«ҚТЖ тексеріп, рұқсат берген. Енді келіп, кәсіпкерлерді айыптап отыр. Ең сорақысы, бұл учаскеде апат осымен екінші рет тіркеліп отыр. Бір ай бұрын ағаш тиелген 14 вагон жолдан шығып кеткен болатын. Тіпті биыл 8 қаңтарда тағы бір апат болды. Егер мұндай жағдай он жылда бір кездессе, үндемес едік. Бірақ мұның жиі екенін көріп отырмыз. Демек проблема бар», дейді Ермек Төлеуұлы. Кәсіпкерлердің құқын қорғап жүрген қауымдастық кәсіпкерлерді айыпты етуге үзілді-кесілді қарсы.
Осы орайда «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі, Мәжілістің бұрынғы депутаты Ерлік Өмірғали Премьер-министр Ә.Смайылов пен Бас прокурор Б.Асыловқа депутаттық сауал да жолдады.
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының вагондар жолдан шығып кеткен алғашқы сағаттарда-ақ вагон иелерін кінәлі ретінде тауып, БАҚ өкілдеріне ешбір дәлелсіз сондай мәлімдеме беруі – өрескелдік.
Осы арада аталған вагондарды «ҚТЖ» ҰК-ның жүк тиелген вагондарды тасымалдауға (коммерциялық және техникалық жағдайына) және вагондардың жүк көтеру шегіне қатысты еш ескерту жасамай қабылдағанын атап өткен жөн. Оның үстіне вагондар толықтай жаңа. Зауыттың кепілдік мерзімі әлі өтпеген. Алғашқы деполық жөндеуге де жеткен жоқ. Ондай жөндеу үш жылдан соң жасалады.
Осы арада 2-3 сағатта арнайы тергеу жүргізіп, айыпты жақты анықтау қалай мүмкін болды деген ақылға қонымды сұрақ туындайды. Оның үстіне тергейтін комиссия әлі құрылмаған, барлық тараптың өкілдері апат орнына жетіп үлгермеген. Осыдан соң «ҚТЖ» ҰК қызметкерлерінің әрекеті және объективтілігі, атап айтқанда, вагондардың жолдан шығуының нақты себептерін жасырып жабуы күмән тудырады», дейді депутат сауалында.
Жария етілген мәліметтерге сүйенсек, жүк вагондары жолдан шыққан күні экспорттаушы «Новоишим» бидай компаниясы өкілдері Қарабас стансасына дереу жеткен. Сол кездің өзінде теміржол рельсіндегі ақауларды бейне, фотоға түсіріп алған екен. Атап айтқанда, бекітулердің әлсіздігі, болттардың басы, балдақтардың, рельстер түйісетін саңылаулардың жоқтығы, жолдарды нормадан тыс кеңейту секілді ақаулар көздеріне түсіпті.
«Мен жағдайды естісімен оқиға орнына бірден жеттім. Шашылған бидай, аударылған вагондар, істен шыққан рельстер. Сол жерде ҚТЖ жұмыскерлері болуы керек, рельстерді, вагондарды, шпалдарды алып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатты. Тексеріс жүргізгенше, оларды орнына қозғамауға тиіс еді. Қозғалтқан соң апаттың себептерін анықтау қиындай түседі. Ал вагондарымыз жаңа», дейді вагон иесінің өкілі Серік Қожахметов. Оның айтуынша, жоғарыдағы мәлімдемеден соң вагон зауыт өкілдерін шақыртқан. Вагон иелері кінәрат вагоннан дегенге иланбайды.
Осылайша, кәсіпкерлер вагонның рельстен шығып кетуін инфрақұрылымның тозуы мен оның дұрыс пайдаланбауында деседі. Сондықтан да «Қазақстан темір жолы» экспорттаушыға келген шығынды толық өтеуге тиіс деп санайды.
Астығы ысырап болған «Новоишим» бидай компаниясына келген зиян бір миллиард теңге көлемінде деп болжанып отыр. Бүгінде тәуелсіз сарапшылардан құралған комиссия тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ашық ресурстағы ақпараттар оның нәтижесі отыз күннен соң шығатынын айтады.
Ал қауымдастық жария еткен деректерге жүгінсек, 2022 жылы елімізде жүк вагондарының рельстен шығып кетуі бірнеше рет тіркелген. Мәселен, Шығыс Қазақстан жүк тасымалы бөлімшесінде өткен жылы 3 сәуірде 18 вагон рельстен шығып кетіп, оның бесеуі Бұқтырма өзеніне құлаған. Екінші рет 18 тамызда алты жүк вагоны рельстен шығып кеткен.
Қарағанды облысы