Бұқаралық ақпарат құралдарында журналистердің алар орны бөлек екені белгілі. Сонымен бірге, олардың жұмысын үйлесімді ұйымдастырып отыратын редакторлық қызметтің маңызы да ерекше. Қазақстандағы ақпарат айдынында редакторлық жұмыстың өзіндік ерекшелігін ескерген сыйлық та бар. Кезінде Алматы облыстық «Огни Алатау» газетін, республикалық әдеби «Простор» журналын табысты басқарған белгілі қаламгер Геннадий Толмачев атындағы жыл сайынғы сыйлық биыл «2014 жылғы БАҚ-тың таңдаулы редакторы» атымен берілді. Биылғы лауреаттар – «Казахстанская правда» республикалық газеті» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Александр Тараков пен Атыраудың өңірлік «Сахара» газетінің бас редакторы Қуандық Батыров.
Алдыңғы күні Алматыда сыйлықтың жаңа лауреаттарын конкурс жюриінің төрағасы, ұлтымыздың аса көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов құттықтады. Біздің әріптесіміз – «Казахстанская правда» республикалық газеті» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Александр Тараковтың еңбегін жоғары бағалай келіп, Олжас Омарұлы журналистер әулеті болып табылатын Тараковтардың қаламгерлік дәстүрге адалдығын атап айтып, Александр Юрьевичтің шығармашылығына жоғары баға берді. Журналистік жолын «Ленинская смена» газетінде бастаған Александр Тараков «Казахстанская правдада» жиырма жыл бойы жемісті жұмыс істеп келеді. Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болып табылатын оның қаламынан көптеген тамаша кітаптар туған.
Әріптесімізді журналистикадағы тағы бір жеңісімен құттықтап, жаңа шығармашылық табыстар тілейміз.
Егеменқазақстандықтар.