• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2014

Жас кеңестің көшпелі отырысы

333 рет
көрсетілді

«Арыстандай айбатты, Жол­барыстай қайратты, Қы­ран­дай күшті қанаты, Мен жастарға сенемін!». Мағжан айтқан осынау жырдың түбінде әрбір буын­ның үкілі арманы жатыр. Заман өзгерер. Өзгеше өңге енер. Адамдар түрлі техниканы меңге­рер. Бірақ жастарға деген сенімі ақын сөзіндей болып қала бермек. Өйткені, жастар дегеніміз – бо­лашақ. Президент жанында Жастар саясаты жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Бұл – Елбасы жастар сая­сатын жіті бақылап, олардың мәселесін үнемі назарда ұстап отыр деген сөз. Міне, осы жас кеңестің көшпелі отырысы Қызылордада өтті. Кеңес төрағасы, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов бастаған жастар Сыр өңіріне арнайы келіп, аймақтағы жастар мә­се­ле­сімен танысты, мәжіліс құрды. Жақсының жақсылығын айту парыз. Қырымбек Көшербаев Қы­зылорда облысына әкім болып тағайындалғаннан бастап жас­тарға ерекше көңіл бөлді. Әсіресе, олардың білім алуына бар жағдайды жасап жатыр. Ай­талық, былтыр әкім әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға, маңдайы жарқырап тұрса да білім алуға шамасы келмейтін жастарға арнайы грант бөлді. Соның арқасында жүзден астам бала оқуға түсіп, білім жиып жатыр. Биыл бұл гранттың саны 300-ге жетіп отыр. Бұдан бөлек, осы жылы мектеп бітірген 153 түлек Мәскеу ұлттық технологиялар университетінде оқымақ. Түлектердің барлығы осы университеттің есебінен білім алады. Аймақта металлургиялық кластерді дамыту қолға алынды. Мына 153 бала осы саланың мамандары болып шықпақ. Бұл өзгенің есебінен өзімізге маман даярлаудың ең бір әдемі көрінісі деп білеміз. Жас кеңестің жұмысы шең­берінде Ғабидолла Әбдірахымов пен Қырымбек Көшербаев осы 153 түлекпен жолығып, сұхбат құр­ды. Аймақ басшысы облыстың әлеу­меттік-экономикалық жағ­дайы турасында, елде атқарылып жатқан шаруалар жайында баяндады. Мәскеуде білім алуға бара жатқан жастарға ақ жол тілеп, батасын берді. Ал Ғабидолла Рахметоллаұлы өзінің «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алғанын, алыс сапарға шыққалы отырған жастардың қандай көңіл күйде екенін жақсы түсінетінін айтты. Шетелдіктер осы жастар арқылы біздің мемлекетімізді танитынын жеткізді. Жан-жақты білім алып, елге мықты маман болып оралуларына тілектестік білдірді. Оқуға кетіп бара жатқан бір түлек Қырымбек Елеуұлына әдемі сұрақ қойды. Ол: «Біз металлургия саласы бойынша білім алуға бара жатырмыз. Бұйыртса, бес жылдан соң елге ораламыз. Сол кезде жұмыспен қамту жайы қалай болмақ?» деп сұрады. Облыс әкімі Үкімет Қызылорда об­лы­­сында металлургиялық клас­­тер­ді дамытудың жобасын мақұл­дағанын мәлім етті. – Сол жоба бойынша қырауар шаруа атқарылмақ. Көптеген зауыттар салынады. Сендер білім алып келгенше, біз де жұмыстарыңды дайындап қоямыз,– деп жауап берді. 2005 жылдан бері қарай елімізде «Жасыл ел» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Бұл – оқушылар мен студенттерді, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарды жұмыспен қамтитын жоба. «Жасыл елдің» жасақтары елімізді көгалдандыру мақсатында қыруар жұмыс атқарып жатыр. Жастар саясаты жөніндегі кеңестің Қызылорда облысындағы көшпелі отырысы осы бағдарламаға арналды. Мәжілісте сөз алған Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев «Жасыл ел» бойынша атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Бағдарлама іске асқаннан бері 200 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылған. Олар 44 миллион ағаш егіп, 114 мың гектар жерді көгалдандырыпты. Осының өзінен-ақ бағдарламаның елге пайдалы екенін көруге болады. Болашақта бағдарлама бойынша бөлінетін қаржыны арттырып, жастардың жалақсын көтеруді көздеп отырғандарын баян етті. Ақтөбе, Алматы, Қызылорда облыстарында бағдарламаның нәтижелі жұмыс істеп жатқанын айтты. Ал Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында «Жасыл елдің» жұмысын жандандыру керектігін баса көрсетті. Жиын барысында сөз алған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова аймақтағы жастар мәселесі жайында тұшымды баяндама жасады. Соңғы жылдары облыстағы жас­тар ұйымдарын қаржыландыру 3 есеге өскен. Осының арқасында жастар саясатымен айналысатын ұйымдар көбейген. Жастарды қолдау орталығы ашылып, спорт кешендері салынып, жаңа жатақханалар пайдалануға берілген. Ал «Жасыл ел» жасақ­тарының саны екі есеге артқан. Қысқасы, аймақта жастарға айтарлықтай көңіл бөлініп жатыр екен. Жастар саясаты жөніндегі кеңесте «Жасыл ел» бағдарламасы барысындағы біршама проб­лемалар айтылды. Әсіресе, қаржыландыру мәселесінің қолбайлау болып тұрғанын білдік. Ғабидолла Әбдірахымов бұл мәселенің шешілетінін, Үкіметке арнайы ұсыныс жасайтындарын жеткізді. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.