Бұл күндері Швецияның Эстерсунд қаласында парашаңғы мен парабиатлоннан өтіп жатқан әлем чемпионатында 18 мемлекеттен келген 102 спортшы бақ сынауда.
Жарыс жолына шыққандар арасында Қазақстанның да өрендері бар. Жерлестеріміздің арасынан Ербол Хамитов табысты өнер көрсетуде. Жексенбі күні ол парабиатлоннан 7,5 шақырымдық қашықтықты 25:07,3 секундта жүріп өтіп, қола медальді мойнына ілген еді. Сол бәсекеде қазақ спортшысы тек канадалық Кэмерон Коллин мен америкалық Арон Пикеден қалып қойды. Ал кеше парашаңғышылардың спринтінде алдына жан салмаған Хамитов алтын тұғырға көтерілді. Жеңімпаздың уақыты – 2:44,23 секунд. Бұл тартыста украиналық Тарас Рад күміспен күптелсе, бразилиялық Кристиан Вестмаер Рибейра қолаға қол созды.
Ербол бұрын грэпплинг және джиу-джитсумен айналысып, Қазақстан кубогінде финалға дейін жеткен еді. Бірақ 2017 жылы оқыс оқиғадан кейін бір аяғынан айырылды. Бұл жағдай оның сағын сындыра алған жоқ.