Соңғы жылдары аудан орталықтарында студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ету жұмыстары мықтап қолға алына бастады. Бұған дейін Құландағы ауылшаруашылық бағытындағы колледж қасындағы бұрынғы жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы Шу ауданында да студенттер үйі жастарға есігін айқара ашты.
15 жылдан бері ауыл шаруашылығы мамандарын даярлаумен айналысып келе жатқан №3 Байзақ колледжінің студенттері енді жатақхана мәселесіне бас ауыртпайды. 369 студенті бар оқу ордасындағы 150 жас жатақханамен қамтылып отыр.
Екіқабатты ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайтынын айтса, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов студенттер үйінің сапалы салынуына атсалысқан кәсіпкер Сәния Алтаеваға ризашылығын жеткізді.
Деректерге сенсек, аталған нысанды салу үшін қаржы орталығының жобасы аясында 280 млн теңге қаражат жұмсалыпты. Мұнда студенттердің жайлы өмір сүруіне барлық жағдай қарастырылған. Ең бастысы, пәтер кезген студенттер енді жылы жатақханамен қамтылып отырғаны көңіл қуантады.
Аудан атқамінерлерінің айтуынша, жатақханада жатын бөлмесінен бөлек, студенттердің сабаққа дайындалуына арналған бөлме, асхана және үйірмелер өткізуге арналған кабинеттер бар. Бір сөзбен айтқанда студенттер жатақханада жүріп-ақ өздеріне ыңғайлы үйірмеге қатысып, кәсіби мамандардан тәлім ала алады.
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы