• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Тарих 25 Қаңтар, 2023

Ағаның алақаны

347 рет
көрсетілді

Баққожа аға сырбаз, мінезі биязы, үйірсек азамат-тын. Өзіне ғана жарасатын жылы жымиғаны қандай жарасымды еді. Бауырмалдығы да ерекше болатын. Содан болу керек, мені өзі іздеп келіп, танысқаны бар. Ол тұста мен «Жалын» баспасында редакторлық қызмет атқаратынмын.

Біз ондай жат қылықтарды енді ұғып, жарыса жазып жатырмыз. Баққожа аға ондай ұлтқа зиянды, жұртқа пайдасыз істі Кеңес дәуірінде-ақ жазып кетіпті-ау! Бұл – қаламгердің өзі өмір сүрген қоғамнан озық жүретінін, ой-өрісінің биіктігін көрсетсе керек. Осы тұрғыдан келгенде Баққожа Мұқай ұлт жазушысы деуге тұрарлық қаламгер екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас.

Керемет психолог еді. Дидарыңа барлай қарап, кейде жорта сұрақ қоятын. Ондағысы: «Менің сөзімді тыңдауға құлықты ма?» деген ой көкейінде жататын болуы керек. Орайы келсе, әзіл де айтып қалатын. Ағаны қаламгер ретінде сыйлағандығымнан шығар, алдында көп сөйлей бермейтін едім. Ондай кезде неге үндемейсің демей-ақ, бір ретін келтіріп қатарына тартып, әдемі әңгіме сабақтайтын. Арасында: «Іркіле берме, ізет пен инабаттың да жөні болады. Өзіңді-өзің көрсетпесең, сені кім бағалай қойсын», деп қайрап алатын.

«Көлігің бар екен, қаланың сыртына шығып тұрайық. Таумен тағдырлас елдің баласымыз ғой», деді тағы бір жолы. Сондай ой бөлісудің бір әдемі сәтін «Алма – Арасан» шипажайының маңында өткіздік. Алатаудың баурайы қандай айбынды, арайлы десеңізші! Алуан түрлі шөптің жұпар иісі танауыңды қытықтап, сарайыңды ашады. Сол жолы өзен мен бұлақ бойынан түрлі өсімдіктерді жинап жүрген едәуір жасқа келген өзге ұлт өкілдерімен де тілдестік. Тәңірім-ау, базардан өзіміз еміне сатып алатын шөптеріміз осы сай-салада өсетін болып шықты. Әсіресе су бойындағы жалбыз, беткейдегі шайқурай, қалақай – бәрі сыңсып тұрды. Жел соқса, жаужапырақ сыбдыр қағады.

Баққожа аға: «Бұл неткен керемет, а?!» деп ойланып отырды да, қоңырқай түсі күреңітіп: «Е, қолда барда алтынның қадірі жоқ», деді.

Қазір дарқан даламыздағы шөптің қадіріне енді-енді жетіп келеміз. Шайдың орнына шөп шай ішетін болдық. Бірақ қазақ бұған толық көше қойған жоқ. Өзгелер байлықтың бір шоғыры осы деп шөбімізді де жинап әкетіп жатыр. Өткен жылы көрші ел – Қытай жұртына барғанымызда, Гуанчжоу өлкесінде Алатаудай биік болмаса да орташа тауды аралап көрген сәтімізде үлкен базарында болдық. Ол шөп базары екен. Сол таудағы адам ағзасына пайдалы алуан түрлі өсімдіктің шипалық қасиетін қағазға жазып қойыпты. Соған қарап алуға болады. Шіркін, Қазақ елінің алып тауларындағы шөптерден де сондай базар ашсақ, ауыл жұртына пайдасы тиер еді. Қарап отырсаңыз, шөпті ғана емес, қазақ байтағындағы шөңгенің де дәрілік қасиеті бар екенін ғалымдар анықтап қойыпты.

Кержолмен сайға түсіп, тау бұлағына бет жуып, қайнап шығып жатқан тұнық бастаудан шөл қандырдық. «Қандай керемет, күнде бір сіміріп тұрсақ қой. Мейірің қанады», деді Бәкең. Осы сәт ойыма Сейдахмет Бердіқұлов ағаның мәңгі сапарға аттанар сәтте: «Әттең-ай, Қарақыстақтың (Жамбыл ауданы Алматы облысы) басындағы тау баурайында бір бас­тау бар еді. Талай рет қаталап барғанда, шөлімді басқан. Одан төмен бұлақ бар еді. Содан етпеттеп жатып сімірсем, іштегі кесел кесілер еді-ау!», деп айтып жатып көз жұмып еді. Оны белгілі азамат, ұлт жақсыларының бірі Уәлихан Қалижан ағаға да айтқан екен.

Қалаға қарай бет алған сәтте Баққожа аға: «Хантәңірінің баурайында да осындай бұлақ пен бастау көп қой. Жас кезде ненің қадірін біле қойдық дейсің. Есейгенде бәрі есіңе түседі екен», деген.

Шынында, өткенге ой жібере отырып, алға ұмтылу қашанғы әдетіміз. Мұндай күйді біздің алдымыздағы ұрпақ та басынан өткерген. Біз де сол сораппен келеміз.

Қаланың шетіне таяған тұста сәл тоқ­тауымды өтінді. Сыртқа шығып, артына көз тастады да: «Түтінсіз таза ауа жұтып, хлорсыз су ішіп бір серпілдік, сергідік. Осыны алда да жалғастырып тұрайықшы!» деген ағаның қоңыр үні әлі күнге дейін құлағымның түбінде бұлақ сылдырындай, жапырақ сыбдырындай естіліп тұрады.

Өткен ғасырдың 60-70-жылдардағы ұр­пақ­тардың қолынан кітап түскен емес. Мект­еп-интернатта оқып жүрген кезіміз­де Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Әбді­­жә­­міл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трило­гия­сының алғашқы томын, Сәуірбек Бақберге­новтің «Қарға тамған қанын», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын», өзге де қаламгерлердің кітаптарын жата-жас­тана оқыдық. Тіпті кей кітаптарды оқымағандарға айтып беру үлгісі де бар болатын.

Баққожа Мұқай ағаның менің қолыма тиген алғашқы кітабы – «Өмір арнасы» еді. Одан кейін әдемі безендірілген «Аққу сазын» қызыға оқыдым. Ол «Мазасыз маусымға» ұласты, «Дүние кезекке» жалғасты. Арасында мерзімдік басылымдардағы дүниелерін де үзбей қарап жүрдім. «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» романдары ағаның толысқанын көрсетті.

Қоғамның қасіреті демесек те, кеселін суреттеген «Құлдық ғұмыр», «Өмірзая» санаға екіұдай сәуле түсіргені бар. Ол жақсы деген қоғамда осындай сұмдықтар да бола ма екенге саятын. Тоғышарлық пен пендешілік, даурықпа идея – енді қадағалап қарасақ, астарлы түрде суреттелген екен. Соны көркем шығарма арқылы ұқтырудың өзі нағыз таланттың еншісіне тисе керек. Біз ондай жат қылықтарды енді ұғып, жарыса жазып жатырмыз. Баққожа аға ондай ұлтқа зиянды, жұртқа пайдасыз істі кеңес дәуірінде-ақ жазып кетіпті-ау! Бұл – қаламгердің өзі өмір сүрген қоғамнан озық жүретінін, ой-өрісінің биіктігін көрсетсе керек. Осы тұрғыдан келгенде Баққожа Мұқай ұлт жазушысы деуге тұрарлық қаламгер екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас.

Ағамыз қазақ драматургиясына да өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Пьесаларының ішіндегі сүбелісі деп «Тоят түні» мен «Өмір­заяны» ерекше атауға болады. «Өмірзая» пьеса­сы­ның тұсауы 1987 жылдың көктемінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық драма театрында кесіл­ді. Ол Желтоқсан көтерілісінен кейінгі кезең болатын. Жұрт екі жарылып жүрген. Баққо­жа аға премьерасы өтетін күні келетін-кете­тін кісілерге көлігіңмен көмектес деген өтініш айтты. Ағаның сөзі – ініге заң. Ертең­гісін шақырып алып, қойылымға Олжас Сүлей­меновті әкелетінімді, арасында Инаш Шорманов ақсақалды да жеткізетінімді тапсырды. Инаш ақсақалды театрға қарай қолтықтап келе жатқанымда, анадай жерден Асқар Тоқпанов көзге шалынды. Мұхтар Әуезовтің ескерткішіне біраз қарап тұрды да ұлы режиссер, киелі шаңырақтың ішіне кіріп кетті. «Асекең ашулы ма, қалай? Мұхаңның тұлғасына неге тесіле қарады екен?» деді қария. Ол кісіні орнына отырғызып, Олжас Омарұлына телефон шалдым. Ақын спектакльге келе алмайтынын, бірақ жазушының үйінде жайылған дастарқанға баратынын жеткізді. Спектакль аяқталған тұста хабар­ласуымды өтінді. Баққожа ағаға екі тап­сыр­­маның жай-жапсарын айтқанымда: «Олже­кеңмен өзің сөйлесіп, үйге әкелетін бол», деді.

«Өмірзаяны» жұрт керемет қабылдады. Арасында Олжас Омарұлына телефон соғып едім, ақын өзі баратынын айтып, ағаның үйінің адресін алды. В.Шукшин, В.Астафьев, В.Белов, өзге де деревня өмірін суреттеген айтулы қаламгерлердің қатарынан табылған, спектакльге арнайы келіп қатысқан, орыстың белгілі жазушысы Владимир Личутинді, «Литературная газетаның» бөлім меңгерушісі, сыншы, филология ғылымдарының кандидаты Юрий Бондаренконы, сол басылымның Қазақстандағы тілшісі Рүстем Жанғожинді алып, ағаның үйіне келдім. Ол кезде мұндай атаулы күнді бүгінгідей салтанат сарайында емес, өз дастарқанында атап өту үрдісі бар еді.

Орыс қаламгерлері «Өмірзая» туралы жақсы пікірлерін айтып, жазушының өзге де шығармалары туралы ой қозғап отырды. В.Личутин Баққожа Мұқайдың ауыл өмірін жазудағы тәсілінің өзіне келетінін жеткізсе, сыншы өзі көрген пьесаның тақырыбын, кейіпкерлерін тарата айтты. Рүстем де олардан қалыспай өзіндік байламын алға тартты. Айналып келгенде, үшеуі де әдебиет әлемі туралы тереңнен ой қозғап отырды. Баққожа аға болса туындының қалай өмірге келгенін баян етті. Қызу әңгіме жүріп жатқан тұста Олжас Омарұлы келді. Айбынды азамат қой. Төрде отырған Владимир Личутин орнынан ұшып тұрды. «Қазақ қонағын сыйлаған, Владимир Владимирович, төр сізге тиесілі»,   деген ақын ілтипатына жазушы: «Сіз әлемдік деңгейдегі ақынсыз!» деп көне қоймады. Олжас қазақта: «Төре төрін бермейді деген осы ма?!», деп оның орыс тіліндегі мағынасын қаламгерлерге ұғындырды. Бірақ олар ізеттерінен жаңылмады.

Желтоқсан көтерілісі тілге тиек болғанда Олжас ақын: «Тас атқанға, ас ат» деген мәтелді тілге тиек етіп, оның отырған қаламгерлерге қатысы жоқ екенін алға тартты. Ол қазақ жұртының қадірлі қасиеттерін, аталы сөздерін алыстан орағыта қозғап, тыңдаушыларына байыппен жеткізді. Ұлтымыздың ұлылығын да назардан тыс қалдырмады. Бір орайы келгенде Дінмұхаммед Қонаев туралы орыс жазушысы сұрап қалды. Олжас ұлт арысының жағдайы жақсы екенін айтып, таяуда ғана өзінің Мәскеуден оралғанын, Алматыдағы бюсті алынбайтынын атап айтты. Алакөздердің алыпқашпа әңгімелеріне тосқауыл қойып, ұлт ұлының беделін сақтап қалу жолында өзінің талай есікті қаққанына дәлел-дәйектер келтірді. КОКП Орталық Комитетінің идео­ло­гия жөніндегі хатшысы Яковлевте болғанын, ол бюстті алып тастау мәселесі күн тәртібінде тұрғанын айтып, меселін қайтарып таста­ғанда, Шыңғыс Айтматовтай ұлы тұлға өзін Михаил Горбачевқа апарып, екеуі Димаш Ахметұлының елге еткен адал еңбегін дәлел­деп, бір ғана мысал ретінде Қазақ елінде 40-қа таяу қала бой көтергенін дәйектеп, ондай адамды қорлау емес, қорғау керек деген сөзін жеткізеді.

Горбачев Колбинге телефон шалып: «Қонаевтың бюстіне тиісуші болма», деген сөзін естігенде Владимир Личутин орнынан жедел көтеріліп, Олжас Омарұлының қолын алды. Баққожа аға екеуі құшақ айқастырды. Дастарқаннан кейін мәскеулік екі қаламгерді Құрманғазы көшесінің бойындағы Достық үйіне апарып салдым да Олжасты үйіне жеткіздім.

Текті ақын есіктің алдына келіп, үйге кірмей кетуге болмайтынын айтып, түннің бір уағында пәтеріне бастап келді. Наннан үлкен не бар, нан ауыз тидім. Кетуге ыңғайлана бергенімде: «Тоқта!» деді.

«Сен мен кімнің ұрпағы екенімді білесің бе?» деп сұраулы жүзбен көз салды. «Білем», дедім. «Қайдан білесің?». «Әлкей Марғұлан жазбаларынан». Басын шайқады.

«Сен менің әкемнің атын алыпсың, әкеге кітап беруім керек, Олжабай бабамды біліп тұр», деді. «Трансформация огня» деген қаптамасы бар кітапқа «Сүлейменге» деп бастағанда «Аға, Дәулет деген балаңыз да бар еді», дегенімде, «Дәулет батырға» деп қосты да, «Бабам Олжабай батырдай болсын деген ниетім!» деді. Ол кітап біздің үй құнды­лықтарымыздың қатарында тұр бұл күнде.

Біраз уақыт өткеннен кейін Баққожа аға рахметін айтып: «Мен «Өмірзаяның» сәтті өткеніне де қуандым. Оған қоса, Олжекең­нің Димаш ағаның бюстін тұғырында қалдыр­ғанын өз дастарқанымда есту мен үшін ерекше құрмет болған секілді. Жақсы сөз мені қанаттандырды», деп еді.

Болмысы бөлек қаламгер аға осылай ағынан жарылған. Содан бері де ондаған жыл өтті. Ардақты ағамыз да қазір арамызда жоқ. Бірақ рухани мұрасы ұлтқа қызмет етіп келеді. Өзі кеткенімен, сөзі қалды деген осы шығар. Осы арада Баққожа аға өмірден озғанда, жыр дүлдүлі Тұмағаң, Тұманбай Молдағалиев арнау өлең оқығаны есте. Сол өлеңінде ақын: «Қазағың өнеріңмен қоштаспайды», деген еді. Иә, қазақ Баққожа Мұқайдың өзі бақи дүниеде болғанымен, артында қалған рухани мұрасымен ешқашан қоштаспайды. Толқын-толқын ұрпақ оның екінші өмірі болып есептелетін кітаптарымен сусындай берері хақ.

 

Сүлеймен МӘМЕТ

Астана