• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қаңтар, 2023

Күріш өсіруді үйретуге мүдделі

365 рет
көрсетілді

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға барған сапарында егер барлық мүмкіндікті пай­да­лан­сақ, екі ел арасындағы сауда-саттық алдағы үш жылдың ішінде 3 млрд долларға дейін өсуі мүмкін екенін айтқан болатын. Оған қоса Қазақстан Иран азаматтары үшін 14 күн мер­зімге визасыз режім енгізді. Осынау бастама алғашқы нә­ти­жесін бере бастады.

Мәселен, ирандықтар отан­дық диқандарды ұзын дәнді кү­ріш өсіру әдісін үйретуге ғана емес, біздің күрішті көп мөлшерде сатып алуға да мүдделі болып отыр. Бұл мәселелер Алматыда Иран бизнесі делега­ция­сының өкілдері және мега­по­листің бизнес-қауым­дас­тығымен кездесуінде айтылды. Ал­маты қалалық кәсіпкерлер пала­тасының директоры Айтуар Қошмамбетов екі елдің ынты­мақ­тастығы жыл сайын артып келе жатқанын айтты. Қазір өзара тауар айналымы 500 млн дол­­лар екенін, Мемлекет бас­шысы мәлімдеген 3 млрд дол­лар­лық межеге жету үшін өзара тиім­ді жобалар қажеттігін еске сал­ды.

Бүгінде Иран жылына 150 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіреді. Сондай-ақ бұл елде жылыжай шаруа­шы­лығы қарқынды дамып ке­­ле­ді. Иран дайын жылыжай өнімдерін Қазақстан, Ре­сей, Өзбекстан және Каспий жаға­лауындағы елдерге экспорттайды. Сол сияқ­ты Қа­зақ­с­тан Иранды басқа да дәнді да­қыл­­дармен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Мысалы, Иран­ның жүгеріге деген жылдық қа­жет­­тігі 8 млн тоннаны, би­дай­ға деген сұранысы 3,5 млн тон­наны құрайды. Сондықтан жыл са­йын 800 мың тоннадан бас­тап 1 млн тоннаға дейін күріш пен 4,5 млн тонна сояны сырттан сатып алады.

– Иран жылына орта есеппен 3,2 млн тонна күріш тұтына­ды, ал өндіріс көлемі 2,3 млн тон­на, қалғаны импорт. Біз жетпеген күрішті негізінен Пәкістан, Үн­дістан мен басқа ел­дерден сатып аламыз, – дейді Иран­ның Ауыл шаруашылығы минис­трі­нің орынбасары Алиреза Мохаджер.

Кәсіпкер, «Асыл дән» ЖШС құ­рылтайшысы Нұрлан Жомар­тов Қазақстанда күріштің ұзын дәнді сұрыптарын өсіру қиын екенін алға тартты. «Ұзын дәнді күріштің вегетациялық ке­зе­ңі ұзақтау. Қазақстанда кү­ріш­тің вегетациялық кезе­ңін­де 90 күндік домалақ дәнді сорттары өсіріледі. Қазақстандық климатқа сәйкес келетін осын­дай сорттар бар ма?» деп қы­зы­ғушылық танытты кәсіп­кер. Өз кезегінде Иран өкілі вегетациялық кезеңі ұзақ­тау сұ­рыптар алдымен жы­лы­­жай­да өсіріліп, кейін оны кү­ріш алқабына егуге болатын тә­жіри­бе­ні алға тартты. «Егер қазақ кәсіпкерлері қызы­ғу­­шылық танытса, онда компания өкілдері Қазақстанға келіп, оқыта алады. Біз арнайы білім беруден бас­тап, техника, тұқым өсіру технологияларымен де қарайласуға да­йынбыз», деп жауап берді Иран делегациясы.

2022 жылдың тоғыз айының қорытындысы Иран мен Алматы қаласы арасындағы тауар айналымы 8 млн доллардан 118 млн долларға дейін өскенін көрсетіп отыр. Бұл тауар айналымы екі есе өскенін байқатады. Иранның Алматыға импорты 72 млн долларды құраса, бұл бағытта екі есе ілгерілеу бар. Мәселен, Иран экспорты 22 млн доллардан 46 млн долларға дейін өскен.

Осы орайда Астанада екі елдің бір­­лескен комиссиясының оты­ры­­­сы өтетінін еске сала кету ке­рек. Оған Иранның ауыл ша­р­уа­­шылығы министрі қаты­сады. Онда Қазақстан мен Иран­ның ауыл шаруашылығы сала­сын­­дағы одан әрі ынтымақ­тас­тығы тал­қыланады.

 

АЛМАТЫ