• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 26 Қаңтар, 2023

Өлең мұрасының өзегі – атамекен

495 рет
көрсетілді

Ақын Ақылбек Манабаевтың жыр қоймасына кірсеңіз шалқыған шабыттан туған есті де иі әбден қанған өлеңдер оқып, жаныңыз жадырап, санаңыз сілкініп, бір жырғап қаласыз. Ақынның мақпал жырларына ден қойғанда ондағы толғаныс пен тебіреністер, нәзік иірімдер, бір мұңайтып, бір қуантып әрі-сәрі күй кештірер парасатты пайымдар мен өзіне жіпсіз байлап, баурап алар тылсым көріністер жаныңа ерекше әсер етеді. Әсіресе сөз шеберінің өлеңдеріне арқау еткен табиғат суреттері түйсіне оқыған жанды бейжай қалдырмайды.

Ақынның «Таң самалы» жинағына енген өлеңдерінің басым бөлігі туған жердің табиғат сырлары мен тамашаларына арналған. Мәселен, «Жазғы сурет» деген өлеңін оқиық.

«Керемет еді дала көркі қандай,

Ақ мұнар биік шыңға асылады.

Бүйірін түртіп қалсаң

сел шығардай,

Шоқыға бұлттар

келіп қасынады...»,

дейді ақын. Табиғаттың тамаша көріністері: көсілген кербез дала, биік шың, қыр-қырат, тау-тасқа «желіні» сыздаған бұлттың «қасынуы», бәрі-бәрі ақынның сезімін қытықтап, шабытын оятып, төгілте жыр арнатқан.

«Жасырынып көк белге,

Шалқалап барып күн батты.

Сал жігіт – самал өкпенде,

Сыбырлап қайың дір қақты.

Сыңғырлап күлкі – бал бұлақ,

Сырласты ғашық – жапырақ.

Дала – қарт қалғып, қалжырап,

Түңлігін жапты үй – атырап.

Шекесінде тарақ-ай,

Төменге шың-құз сұқтанды.

Елжіреп аспан анадай,

Жалт етіп жұлдыз – сүт тамды...». Бұл ақынның «Түнгі сурет» атты өлеңі. Түннің өзін жарқыраған күндіздей етіп көрсетер ақынның шеберлігіне қалай тәнті болмайсың?.. Қараңызшы, көк белден асып күн кетті, түн басталды. Айналаны қараңғылық жапты. Сонда да, түн көмкерген әлемді айнытпай көре алған ақынның сезімі, жүрек көзі қырағы. Түнгі самалды сал жігітке, бал бұлақ үнін сыңғырлаған күлкіге, даланы қалғыған қартқа, айды әлемнің «шекесіне» қыстырған тараққа, аспанды елжіреген анаға, аққан жұлдызды тамған бір тамшы сүтке теңей отырып, қою түннің құшағындағы бар сырды алдыңа жа­йып салады.

Табиғат лирикасы – мәңгілік тақы­рып. Бұған қалам тартпаған ақын кемде-кем. Халық ауыз әдебие­тінен бастау алатын бұл бағытқа А.Манабаевтың қосқан үлесін мойындай білуіміз керек. Сол үшін де әдебиет зерттеушілері ақынның табиғат ғажайыптарын сезіне отырып жазған өлеңдеріне көңіл ауда­рып, талдап-таразылап, өзіндік бағасын берсе, дұрыс болар еді.

«Маңай жым-жырт,

Маужыраған тыныш түн.

Бетті суық тікенімен ұрды ызғар.

Жарқыл қағып

ұнтағындай күмістің,

Жағама кеп қонып жатыр

жұлдыз-қар.

Талдың сида бұтақтары иіле,

Саусағымен ақ ұшқынды шашуда.

Айнала аппақ,

Кірсіз ғажап дүние.

Қия алмаймын аяғыммен басуға...». Бұл – «Алғашқы қар». Бәрі де түсінікті... Өлең авторының ақындық қуатын жазбай танисың. Осындай өлеңдерді жан-жүрегі таза, пейілі кең, талантымен табиғаттың өзегіне бар болмысымен кіріп, мынау ғажап дүниемен тұтасып кеткен, көңілінің терезесін еш уақытта кірлетпеген дарын ғана жаза алады.

«Өмір бойы білегіңді түрініп,

Ыстыққа да,суыққа да шынығып.

Маңдайыңның терін ғана сіміріп,

Басқаларға жұмсамасаң жұдырық.

Мұның аты – Ірілік», деп жырлап өткен Ақылбек Манабаевтың туған жер, Отан, жастық шақ, махаббат, ұлттық құндылықтар, ұрпақ тәр­биесі тақырыптарындағы жырлары да жұтынып тұр.

Шығыс Түркістандағы Қараүңгір деген ауылда 1934 жылы дүниеге келіп, 1984 жылы Семейде өмірден озған ақынның соңында қалған жыр жинақтары тасада қалмаса, оқыр­манның қолына қиындықсыз тисе деген тілек-ұсынысымыз бар. Өйткені ақынның сөзі – тәрбие көзі, халықтың үні.