2023 жылдың 20 қаңтарындағы жағдай бойынша банктер теңгедегі салымдар бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеуге 304,4 млрд теңгеге өтініштер қабылдады. Бұл мемлекет тарапынан төленуге жататын өтемақының әлеуетті сомасының 92,3 пайызын құрайды.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 5 миллионнан астам депозитордың салымдары өтемақы төленуге жататынын мәлімдеді. Статистика бойынша депозиттерінде 1 млн теңгеден астам ақшасы бар азаматтардың 94 пайызы өтемақы алуға өтініш берген.
– Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк әзірлеген бағдарламаның қағидаларына сәйкес келетін депозиттердің барлығы, олардағы ақша қалдығының мөлшеріне қарамастан, сыйлықақы есептелетіндігін еске саламыз. Банктерге барып, өтемақы алуға келісімін әлі растамаған депозиторлар 2023 жылдың 10 ақпанына дейін келісімін растай алады. Өтінішті банк бөлімшелерінде немесе мобильді қосымша арқылы онлайн түрде беруге болады. Банктер өтемақыны 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін төлей бастайды. 10 пайыздық өтемақы есептелуі мүмкін максималды сома бір банкте 20 млн теңгені құрайды, – дейді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры төрағасының орынбасары Алмас Құдайбергенов.
Сыйлықақы алудың басты шарты – салым 2023 жылдың 23 ақпанына дейін сақталуға тиіс. Өтемақы депозитте жыл барысында сақталған ең аз сомаға есептелетін болады.
Еске салайық, Үкіметтің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысына сәйкес өтемақы төлеуге өтініш беру мерзімі ұзартылды. Енді салымшылар банктерге осы жылдың 10 ақпанына дейін жүгіне алады.