Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Отырыс барысында сенаторлар ант қабылдап, Сенат төрағасының орынбасары сайланды. Сондай-ақ тұрақты комитеттердің саны мен атауы, олардың төрағалары мен мүшелері бекітілді.
Мәулен Әшімбаев жаңадан сайланған және тағайындалған әріптестерін құттықтап, алдағы жұмыстың басым бағыттарына тоқталып өтті.
«Мемлекет басшысы Сенаттың алдында тұрған басты міндеттерді белгілеп берді. Алдымызда атқаратын жұмыс аз емес. Бұл ретте елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан уақтылы қамтамасыз ету аса маңызды», деп М.Әшімбаев депутаттардың жұмысына сәттілік тіледі.
Отырыс барысында сенаторлар белгіленген тәртіппен халыққа ант берді. Сенат спикерінің ұсынуымен депутаттардың дауыс беруі нәтижесінде сенатор Жақып Асанов Палата төрағасының орынбасары болып сайланды. Сонымен қатар Сенат регламентіне сәйкес тұрақты комитеттердің төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ олардың саны мен атаулары бекітілді.
Депутаттардың дауыс беру нәтижесі бойынша Андрей Лукин Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұдан бөлек, Сұлтанбек Мәкежанов – Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, Асқар Шәкіров – Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Сүйіндік Алдашев – Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы, Нұртөре Жүсіп – Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, Әли Бектаев – Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы ретінде бекітілді.
Осы күні М.Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар заң жобасын қарап, мақұлдады. Жиынды ашқан Сенат төрағасы Мәжіліс мерзімінен бұрын таратылып, ол уақытша болмаған кезеңде Парламенттің заңдар мен конституциялық заңдарды қабылдау қызметі толығымен Сенатқа жүктелетінін айтты.
«Мәжілістің жаңа құрамы сайланғанға дейін, заң шығару үдерісі тоқтамауға тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген және аса маңызды мәселелерді шешуге арналған заң жобалары уақтылы қаралып, қабылдануы қажет», деді М.Әшімбаев.
Палата отырысында сенаторлар «2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» (10.06.2022 ж. қол қойылған) және «2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» (30.12.2021 ж. қол қойылған) заңдарды қарап, мақұлдады.
«Келісім 2016 жылғы 12 ақпанда күшіне енген. Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі одақ шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы төрт хаттаманы мақұлдады. Бүгін депутаттар қарауына соның бірінші және екінші хаттамасы ұсынылып отыр. Қалған екі хаттама мемлекетішілік келісу және қол қою кезеңінде.
Қаралып отырған бірінші хаттаманы ратификациялау бұрынғы ұлттық рәсім бойынша берілген мерзімсіз тіркеу куәліктері бар медициналық ұйымдарға Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қайта тіркелмей Қазақстан аумағында еркін айналымда болуына мүмкіндік береді. Ұлттық заңнама бойынша 10 медициналық бұйым тіркелген. Оларды одақ шеңберінде қайта тіркеудің қажеті жоқ», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Сала басшысының айтуынша, екінші хаттама ұлттық тіркеуді 2022 жылдың аяғына дейін ұзартуға және ұлттық заңнама бойынша жаңа медициналық бұйымдарды тіркеуге мүмкіндік берген. Алайда бұған тиісті мекемелер дайын болмағандықтан, оны 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін созу туралы төртінші хаттама әзірленіп жатыр.
«Бұл заңдар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы медициналық бұйымдар айналымына қатысты жекелеген мәселелерді реттеуге арналған. Жаңа нормалар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді сапалы медициналық бұйымдармен жүйелі негізде қамтамасыз етуге қолайлы жағдай қалыптастырады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сенаторлар жаңа редакциядағы «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық активтер, ақпараттандыру және соттық әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.
Аталған заңдар елімізде цифрлық активтер мен цифрлық майнингті шығару және олардың айналымы жөніндегі қызметті одан әрі дамыту үшін құқықтық база қалыптастыруды көздейді. Айта кетейік, өткен аптада сенаторлар бұл заңдарды концептуалды түрде мақұлдап, олардың жекелеген баптарына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарымен Мәжіліске қайтарған еді.