Құсмұрын кентіндегі жеке үйлердің бірінде өрт шықты. Өрт сөндіру жұмыстары кезінде 34 жастағы әйел мен оның 6 жасар ұлының мәйіттері табылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қайғылы оқиға кеше таңға жуық орын алған. Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт сөндірушілер 26 қаңтар күні сағат 09:09-да шақырылған. Анықталғандай, жеке тұрғын үйден өрт шыққан.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнына сағат 09:17-де жеткен. Құтқарушылар 15 шаршы метрді құрайтын қонақ бөлмедегі жиһаздың барлығы жанып жатқанын анықтады. Үйден газ баллоны шығарылды. Өрт салдарынан 34 жастағы әйел мен оның 6 жасар ұлы қайтыс болды», деп хабарлады ТЖД.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр.