ИИДМ Азаматтық авиация комитеті халықаралық қатынасты одан әрі жаңғыртып, ашу жөніндегі жұмыс шеңберінде Ресей Федерациясының авиациялық билік орындарымен бірлесіп, Астана – Челябинск бағыты бойынша тұрақты тікелей рейстерді ашу мәселесін қарастырды, деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл қолға алынған жұмыстың нәтижесінде қазақстандық Qazaq Air әуе компаниясы биыл 13 ақпаннан бастап De-Havilland Dash 8-Q400 ұшағымен аптасына жиілігі 3 рейспен жалғасатын Астана – Челябинск маршрутымен тұрақты жолаушылар рейстерін іске асыруды жоспарлап отыр.
Осы ретте Қазақстан мен Ресей арасындағы рейстердің ұлғаюы екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени байланысты одан әрі нығайтуға септігін тигізетінін айта кеткен орынды.
Билеттерді аталған авиакомпанияның ресми сайтынан сатып алуға болады.