• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Қаңтар, 2023

«Қарлығаш» балабақшасы «Анамның ертегісі» жобасын қолға алды

587 рет
көрсетілді

Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығына қарасты «Қарлығаш» балабақшасы балаларды ертегілерді пайдалана отырып тәрбиелеу, ұлттық мәдениет пен дәстүрді құрметтеу, ата-аналарды білім беру процесіне тарту және отбасында кітап оқу дәстүрін ынталандыру мақсатында «Анамның ертегісі» жобасын бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балабақша педагогтерінің пікірінше, мектеп жасына дейінгі балалар үшін ертегінің тәрбиелік мәні зор. Ертегі арқылы олар әлем, қоршаған орта туралы ақпарат алады, сөздік қорын кеңейтеді, логикалық сөйлеуді дамытады. Бала ертегі тыңдағанда бейнелерді елестете отырып, кейіпкерлерді түсінуге, оларға жанашырлық танытуға және мейірімділікке үйренеді. Сондай-ақ ертегі баланың бойындағы мазасыздықты жою тәсілдерінің бірі әрі баланың тұлға ретінде қалыптасуына, бойына жамандық пен жақсылықты айырып-тануға көмектеседі.

 – Ата-аналар «Анамның ертегісі» жобасын жылы қабылдады. Жоба орта топтағы балаларға арналған, өйткені 3-4 жасында олар өте ізденімпаз, жігерлі және белсенді келеді. Жоба бойынша аналар баласы тәрбиеленетін топқа педагогпен бірге алдын-ала таңдалған ертегіні оқиды, балалармен сөйлеседі, сұрақтар қояды, кейіпкерлерді талқылап пікір алмасады, – деді «Қарлығаш» балабақшасының №3 объектісінің меңгерушісі Асель Садвакасова.

Педагогтердің айтуынша, ата-анаға күнделікті күйбең тіршілікте уақыт тауып, балаға ертегі оқудың маңызы зор. Себебі бірге кітап оқу ата-ана мен баланың арасын  жақындастырып қана қоймай, рухани қарым-қатынастың сирек және қуанышты сәттерін толтырады.