Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында қаладағы медицина саласының олқылықтарын атады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қалада медициналық қызметтің сапасына және оның қолжетімді болуына қатысты шағым көп. Бұл жерде демографияны да ескерген жөн. Елорда тұрғындарының саны соңғы он жылда 2,5 есе өсті. Медицина инфрақұрылымы бұл қарқынға ілесе алмай жатыр. Емханаларда кезек көп. Перзентханаларда орын тапшы. Ондағы жүктеме қалыпты нормадан 68 пайызға артық. Сондай-ақ кейбір ауруханада санитарлық талаптар сақталмайды», деді Президент.
Оның айтуынша, балалар емханасындағы қабылдау бөлмелері заман талабына сай емес. Қалада балаларға арналған жалғыз травматология пункті бар. Жарақат алған балалар сол жерде ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болады.
«Үшінші көпсалалы балалар ауруханасы тек инфекциялық аурулардан емдейді. Онда хирургия, офтальмология және травматология бөлімдері жұмыс істемейді. Елорда үшін бұл – ұят нәрсе. Денсаулық сақтау министрлігіне қала әкімдігімен бірлесіп, балалар медицинасына қатысты мәселенің бәрін шешуді тапсырамын. Пайда табуды көздеген жекелеген ауруханалар мүмкіндігі бола тұра кейбір дәрігерлік қызмет көрсетуден бас тартып жатыр», деді Қ. Тоқаев.