Қазақтың Фаризасы: «Жан-жүрегіңді толтырар бір жан жетпей жүрді ғой» демесең, Мен саған ғашық емес ем», деп құснихат жазады. Шіркін, аруға тән мөлдірліктің осы екі жолға мөлт ете түскенін қараңызшы. Өлең қарашығына жас болып ұйыған Мария Цветаева болса, «Мне нравится, что Вы больны не мной…» деп дел-сал күйге түсіреді. Осы әнге айналған қос туындыны тыңдап отырып, өткенге қиыла қарайсыз…
Иә, қиыла да қызыға да қарайсыз, сосын әйелден ақын шыққанын мысқылсыз мойындайсыз. Ол – Фариза, ол – Күләш, ол – Марфуға. Бұл тізімді қорықпай соза беруге болады, көңіл төріне қонған бишісі мен күйшісі қаншама!? Жаныңызды жадыратады, сүріндіре сүйдіреді, күңірентіп күлдіреді, жаңбыр астында өртейді, жалын ішінде жауратады. Осы әсерді нотамен нұрландырған Алаштың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымов фаризалық мұңға кербездік құйғандай. «Мен саған ғашық емес ем». О, тоба мұнша өлең тәкаппар болар ма еді?!
Болады, неге болмасын?! Әйел затының әдемілігі мен тектілігіне тіреу болған тәтті тәкаппар сезім?! Махаббатын мұсатыр шыңдардың биігінде әлдилеу, арманын құс табаны баспайтын шырқау шоқыларға қондыру, қозы қиялын сұлулықтың шексіз шеңберінде қорығыштау. Сүйсеңіз, осылай сүйіңіз, аруға тән асқақтықпен, асыл іңкәрлікті жалт-жұлт еткен дүниенің дүрмегіне тұншықтырмай, ешкіммен таласпай, ессіздікке салынбай, есепсіз еркіндікпен… Дәл Фариза Оңғарсынова секілді.
Білесіз бе, осы сөзді Марина Цветаеваға да қаратып айтқымыз келеді. Ақынның шығармашылығымен таныс болмасаңыз да, кем дегенде бір шығармасынан бірнеше жолды келтіре алатыныңызға сенімдіміз. Әңгіме «Сіздің менімен ауырмайтыныңыз ұнайды» өлеңі хақында. Біздің құрғақ аудармамыз тұпнұсқадағыдай тартымды шықпаса, кешірім сұраймыз. Жаңа жыл босағамыздан аттаған сайын қайыра көруден жалықпайтын бір фильм болса, ол – атақты «Тағдыр ирониясы немесе Жеңіл буыңызбен!» кинокартинасы. Комедиялық мелодраманың негізгі культі – Алла Пугачева орындайтын «Сіздің менімен ауырмайтыныңыз ұнайды» әні.
Жалпы, бұл ғажайып шығарманы әнге қондырған композитор Микаэл Таривердиев еді. Бұл туралы сәл кейінірек айтамыз, әуелі әйгілі шығарманың кімге арналғанын анықтап алайық. Әдебиет сыншылары мен оқырман қауым әпкесі Анастасия Иванқызы шығарманың сырын ашқанша тарихын іздеп әуреге түсті. Өлең 1915 жылы мамырда жарыққа шыққан. Әпкесінің екінші күйеуі Маврикий Минцке арналған екен.
Жас жазушы Анастасия мен инженер-химик Маврикий ортақ достары арқылы кездейсоқ кездескенде бірден әңгімелері жараса кетеді. Көп ұзамай қаламгердің сұлулығына сүйсінген еврей жігіт отау құруға ұсыныс жасайды. Бірақ ол көркіне бас иген Цветаеваның соңғысы емес еді. Кейін қайынәпкесі Марияның жырларын оқығанда талантына таңғалып, аласапыран күйге түседі. Бұл толқуды қанша жасырғанымен 22 жасар ақын қыз анық аңғарады. Бірақ бәрі кеш еді. Цветаевтар отбасында қауесет желдей гулейді. Осыған жауап ретінде Мария «Мне нравится, что Вы больны не мной…» өлеңін жазып, өсек-аянға нүкте қояды. Сіңлісінің күйеу жігітіне ғашықтығын мойындағанымен, бұл оқиғаны әйелдік талғампаздықпен аяқтады.
Әйтсе де Анастасия мен Маврикий арасындағы неке екі жылға ғана созылды. Ақынның жыр кейіпкеріне айналған адам 1917 жылы 24 мамырда Мәскеуде жедел аппендицит ұстамасынан қайтыс болды. Ал жесірі қайта тұрмыс құрмады.
Ал фильмдегі саундтрекке келер болсақ, Микаэл Таривердиев пен Эльдар Рязанов романстарды орындау үшін бірнеше әншіні сынап көреді. Бірақ ешқайсысы авторларды селт еткізбейді. Ақыры есімі елге енді таныла бастаған жас өнерпаз Алла Пугачеваны шақырады. Музыка бірден иесін табады. Композицияның хитке айналғаны сонша, әнді телестудияларда жанды дауыста тыңдау үшін жиі шақырады. Сондай бағдарламалардың бірінде Алла әнді ойдағыдай орындамайды. Бұл әрекет композитор екеуінің арасында үлкен кикілжің тудырады.
«Ол әнді ғашық адамның көзқарасымен жеткізді. Мен басқаша болғанын қаладым, бірақ қателесіппін. Содан кейін Пугачева поп-мәдениетке толығымен кірді, бірақ менің ойымша, ол Барбра Стрейзанд сияқты басқа биіктегі жұлдызға айналуы мүмкін еді. Бірақ ол өз жолын таңдады. Оның пайдасын көргенін түсінемін. Соңында ұрысып қалғанымыз өкінішті, әрине», деп еске алады М.Таривердиев.
Ең ғажабы, бір жылдан кейін Сочидегі фестивальде Алла Пугачева композиторға келіп: «Микаэль Леонович, сіздің менімен ауырмайтыныңыз ұнайды», деп бұрылып кетіп қалады. Одан кейін екеуі мүлде жолықпайды. Бәлкім жас әншінің тәтті тәкаппарлығын сазгер бағамдай алмаған болар, бәлкім ақынның тағдырын қайталағысы келді ме екен, кім білсін?
Бұл әнді Пугачева секілді бабына келтіріп орындаған ешкім жоқ. Оның үнінде құдды Мария Цветаеваның жүрегі сөйлеп тұрғандай. Біз осы алапат әсерді «Мен саған ғашық емес ем» әнін шырқап жүрген Алуа Қосанованың даусынан да естідік. Арғы жағында жас Фариза жыр оқып тұрғандай. Қос өлең де қыраудан жазылған хат секілді, әне-міне еріп кететіндей қол тигізбейді.