• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Театр 31 Қаңтар, 2023

Актер. Әнші. Сазгер Болат Сыбанов туралы сөз

613 рет
көрсетілді

Кезінде өнерімен халықтың құрметіне бөленген, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Болат Сыбанов марқұмның туғанына 85 жыл толып отыр. Бір кем дүние демекші, ол осыдан тура ширек ғасыр бұрын мерейлі алпыс жылдығы енді аталып өткелі жатқан шақта кенеттен өмірден аттанып, келместің кемесіне мініп кете барған еді. Бір абзалы сол, семейлік жерлестері өз орталарынан шыққан жан-жақты талант иесінің есімін ұмытқан жоқ. Соның айғағындай, содан беріде Бөкеңнің әр жылдардағы атаулы даталары туған жерінде қал-қадірінше аталып келеді.

Оның есімі Алаштың астанасы атанған Семейдегі бір көшеге беріліп, өзі кезінде еңбек еткен Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармония жай­ғас­қан ғимарат пен тұрған үйіне ескерткіш тақталар орнатылды. Әнші-сазгердің орындауындағы ән компакт дискісі шығарылды. Иә, ол қандай құрметке әбден лайық талант иесі болатын.

Болат Күнтуұлы 1938 жыл­дың басында бұрынғы Семей об­лысының Жаңасемей ауда­нын­дағы Изатолла ауылында өмір­­­ге келген-ді. Бұл өзі әрі қа­ла­ға жа­қын, әр жері шұрайлы өңір. Сон­дықтан да болар, өткен ға­сыр­дың жиырмасыншы, отызыншы жылдарындағы халықтың басына нәубат, зұлмат болып төнген аласапыран шақта алыстағы ауыл­дардан бассауғалап шұбырған елдің біраз бөлігі осында келіп паналаған-ды. Заманнан-заман өте келгенде солардың ортасынан есімдері жалпақ елге кеңі­нен танымал академик-математик Төлеубай Аманов, 60-жылдардың басында Токиода өткен жазғы олипиаданың жеңіл атлетикадан күміс жүлдегері Ғұсман Қосанов, өнердің өріне жүзген Мәдениет Ешекеев пен Болат Сыбанов сынды саңлақтар шықты.

Өз басым бұл кісіні алғаш рет Абай ауданына қарасты Саржал ауылының сол тұста Семей атом полигонының жынойнағына айнала бастаған Дегелең тауының етегіндегі жаз жайлауында көрген едім. Сол шақта біз бозбала атана қоймасақ, елге өнер сапары­мен келген ағамыздың жасы «айхай, жиырма беске» әлі іліге қоймаған болар тегі. Онда бұл азамат Семейдегі Абай атындағы драма театрында әртіс болса керек. Кейінен оның аталған іргелі өнер ордасына бар болғаны он тоғыз жасында бас сұққанын естіп білгенбіз. Сонда қараторы өңді, қара бұйра шашты жігіттің орындаушылық қабілетіне кәрі-жастың бәрі аузын ашып, көзін жұмып дегендей таңғалғаны да есте. Әсіресе біз құралпас жет­кіншектер үнді әндерін өзін-өзі қасықпен сүйемелдей оты­рып шырқаған оны бейне ертегі кейіпкеріндей көргеніміз рас. Кейін жете таныса келгенде бұл кісінің ешқандай өнер оқу орнын бітірмей-ақ домбыра, сырнай, оны айтасыз фортепианода аса шебер ойнағанын көріп білгенде міне, тума талант дегенің осындай-ақ болар деп тіптен де таң-тамаша болғанбыз. Және сол шақта біз үшін арман қала болып есептелетін Семейден келген өнерпаз қонақтың түп тамыры өз ауылымыздан екенін білгенде тіптен де қайран қалғанбыз. Ал одан кейінгі жерде сол шақта вальс королі атанып аты дүркіреп тұр­ған Бекен Жамақаев сынды сазгердің де өз ауылымыз Сар­жалда өмір­ге келгенін есті­ген­де бо­йымызды туған жерге деген мақ­таныш сезімі кернеген. Содан...

Содан жетпісінші жылдар­дың басында Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетін журналист мамандығы бойынша бітіріп Семейге келгенбіз. Бұрын да естіп, біліп жүргеніміздей ұлт өміріндегі айшықты оқиғалар, яғни алғашқы театр да, баспахана, баспа да, кітапхана, музей де, тіпті алғашқы футбол коман­дасы да осында ашылған екен. Онда вальс королі Бекен Жамақаевтың да бар кезі. Сол жылдары «күн көсем» Лениннің рөлін Алматыдағы «әкем­­­театр­дің» өзінде ойнаған рес­пуб­ли­ка халық әртісі Әбілқасым Жаң­бырбаевтың негізгі жұмыс орны осындағы Абай атында­ғы саз­ды драма театры. Бойжет­кен Роза Рымбаеваның Алаш аста­на­­сындағы Мұқан Төлебаев атын­дағы музыка техникумында оқып, толысып келе жатқаны да осы кез. Жүсекеңнің, әйгілі әнші Жү­сіп­бек Елебековтің алғашқы шәкірті Мәдениет Ешекеев­тің Алматыдан оралып, облыстық  филармонияға орналасқаны да сол тұс. Баяғы бұйрабас Бөкең болса Абай атасының атындағы сахна төрін шаңдатып, есімі қа­лың көрерменге танылып-ақ қалып­ты. Осының бәрі қосыла келгенде астанадан периферияға неге келдім деп өрекпіген көңілді сабасына түсірген. Оның үстіне облыстық «Семей таңы» газеті­нің мәдениет, әдебиет бөліміне тіл­ші болып орналасқан соң театр­ қойылымдарынан, қаладағы түр­лі мәдени шарадан қалыс қал­маймыз дегендей...

Бүгінде білеміз дейтіндер Бө­кең­нің алпыс жылдық ғұ­мы­рын­да Абай театрында жүзден астам рөлде ойнағанын тілге тиек етеді. Мұндағы алғашқы рөлі М.Әуезовтің «Айман-Шол­па­нындағы» Жарас бейнесі. Ал одан кейінгі жерде ол Карло Голь­донидің «Екі қожаға бір қыз­метшісіндегі» Сильвио, ­Кон­­с­тантин Треневтің «Любовь Яро­ваядағы» коммерсант Елис­татов, Мірхайдар Файзидің «Ға­лия-Банудағы» Халил, Расул Гамзатовтың «Тау қызындағы» Юсуп, «Мұса Жәлелдегі» Мұса, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуындағы» Қозы, «Қыз Жібектегі» Төлеген, кейінде Шеге, М.Әуезовтің «Қаракөзін­дегі Асан, жоғарыда айтқан­дай «Айман-Шолпанындағы» Жа­рас, З.Ақышевтің «Жаяу Мұса­сындағы» Мұса, татар классикасы «Башмағымдағы» Әлімжан және тағы басқа спектакльдегі рөлдер кешегі көрермендер есін­де. Мен соның бәрін болмаса да біршамасын тамашалаған адам­­мын. Әрине, актер ойын барысында бірінші кезекте ­пьеса авторының белгілі бір бейне­лер арқылы көрерменге не айт­қысы келгенін түсініп, түйсіне біл­гені ләзім. Екінші кезекте ме­нің түсінігімде актер өз болмысын сомдап жатқан бейнесімен астастыра білуі қажет. Атақты француз жазушысы Флобердің «Бовари ханым дегеніңіз менің өзім» дейтіні сондықтан. Яғни Бөкең ойнаған рөлдерден мен адалдық пен адамгершілікті, аң­­қаулық пен шынайылықты сезі­нетін едім. Егер ол бейне өнер иесі болса, оған Құдайдың бергені. Иә, мұндайда Бөкең құлпырып, арқаланып кететін-ді.

Иә, театрда өткен ізденіске толы жылдар актер Сыбанов үшін ізденіске толы үлкен бір кезең болды. Осы орайда жоғарыда есімі аталған Бекен Жамақаев та бір кезде ал­ғашқы еңбек жолын қазақ театр өнерінің қасиетті қарашаңырағы деп есептелетін осы бір өнер ордасында бас­та­ғанын айта кеткені­міз жөн болар. Бұл сөзімізді әрі қа­­рай жалғастырып айтатын болсақ, Семейдің тағы бір маңдайына басқан мақтанышы, айтулы ән­ші, талантты сазгер Тұр­сынғазы Рахимов та аталған театр­да өзін­дік ізі қалған өнер иесі. Кейін­де екеуінің жолы облыстық филармонияда тоғысқан еді. Сол тұста Шәкәрім әндерінің бір­ден-­бір насихатшысы Келденбай Өлмесеков та осында жемісті ең­бек жолын жалғастырып жатқан болатын. Изатоллада бірге өскен ағасы Мәдениет Ешекеев те Бө­кең­­нің алдынан шықты. Небә­рі екі-ақ жас айырмашылығы­на қарамастан мұның сол ағасы­­ның алдынан көлденең көлбеңдеген кезі жоқ. Ал Тұрсынғазы мен Кел­денбай бұларды ән өнеріндегі ұстаздары ретінде ардақтап, ерекше құрметтегендерін көзіміз көр­ді. Өкінішке қарай, бүгінде осы дәстүрлі ән өнерінің төрт бірдей арысының орны ойсырап-ақ тұр.

Тегінде Болат театр мен фи­лар­манияның арасында өзін­дік соқпағы, сара жолы қалыптас­қан адам. Оның ертеректе Алма­ты филармониясында еңбек етіп келгені де бар. Сондай-ақ ол Әміре Қашаубаев атындағы Семей облыстық филармония­сында еңбек еткен жылдары өнер биігінен көрініп, өзіндік үні­мен, сазгерлік дарынымен қа­лың жұртшылыққа кеңінен таныла білді. Сол жылдары бұл жиі айтатын тау бұлағындай тасқынды «Ақбұлақ» әні оның есімін рес­публикадан тыс алыс, жақын ше­телдердегі қандас ағайындарға да кеңінен танытқаны рас. Сонда аталған әннің шығу тарихын, оның нақтылы кімдікі екендігін Се­мей­де тұратын абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов еш­кімге соқтықпай нағыз ғалымға тән мінезбен дәйектеп бергені де есте. Содан кейінгі жерде бұл әннің нақтылы иесі атақты Сегіз сері – Мұ­хамед-Қанафия Бах­рам­ұлы екен­дігі басы ашылған шындыққа айналған.

Филармонияға келген соң Болаттың өнердегі екінші тынысы ашылды десек те болады. Соның және бір айғағындай ол халық және кеңес заманының атақты композиторларының шы­­ғармаларын насихаттай жү­ріп, өзінің сазгерлік қабілетін де ұш­тай түскен. Оның тағы бір дә­ле­лін­дей «Таң самалы», «Ға­шық­­тар термесі», «Аңса жаным», «Өзім туралы ән», «Жайна Семей», «Жұлдызым» әндері өмірге бірінен кейін бірі келіп жатты. Тегінде Бөкең соғысқа кеткен әкесінен небәрі төрт жасында жетім қалған балақан еді. Сондықтан оның бір әнін әке­сіне арнауы да, ал сол әкесінің ор­нын жоқтатпай өсірген анасына екі бірдей ән арнауы да заңдылық. Осылардың ішіндегі сүйікті жары Үміт жеңгемізге арнаған әнінің де жөні бөлек. Оның өз жүрегінен туындаған әндерінің жалпы саны алпыс­тан астам. Соларды өз елімізбен бірге Түркия, Қытай, Моңғолия, Германия, Швецияда тұрып жат­қан шеттегі қандастарымыз да сүйіп тыңдаумен шектелмей, өз­дері де келістіріп орындайтынын естіп қалып жатамыз.

Бөкеңнің әншілік өнері жет­пісінші жылдардың соңына қа­рай заңды өз бағасын алып, оның Орта Азия мен Қазақстан кәсіп­қой әншілерінің арасында өткен са­йыста жүлделі бірінші орынмен атап өтілгені де, содан сәл кейінірек қазақ теледидарынан «Болат Сыбанов ән шырқай­ды» деген атпен телехабар берілге­ні де есте. Солай дей тұрған­мен жай­шы­лықта сыр бермейтін ақ­көңіл, ақкөйлек ағамыз оңаша бір кездесе қалғанда аһылап, үкілеп қалатыны да бар еді. Бұл оның анасымен, топты балашағасы­мен аядай үйге сыймай қиналып жүрген шағы еді. Сонда біздің үйде отырып сөзі «Үйге зармын, үйге зармын, төрт бөлмеге ынтызармын» деп келетін бір жаңа да мұңлы әнін шырқағаны бар. Көңілдегі сол мұңын сейілткім кеп мен үстелге бір шиша қойып жатқанда ол: «Оу, бауырым, ме­нің бұл пәленің қай-қайсысын бол­масын, өмірі аузыма алған адам емеспін ғой. Мені көп адам аңқылдаған мінезіме орай жай жүргеннің өзінде ішіп алған екен деп ойлайды. Ал ішіп алсам өмір бойы қасықтап жи­ған абыройымды шелектеп төгіп алмаймын ба?» деп күлетін-ді. Ол көзі тірісінде жастайынан ел­дің құрметіне бөленгенмен, сол шақтағы биліктің тарапынан үл­де мен бүлдеге бөлене қой­ма­ды. Мұның басты себебі сол, ке­ңестік идеология дәстүрлі ән на­сихатшыларына соншалықты ­о­ң көзбен қарамағаны еш дәлел­деу­ді қажет етпейді. Қазақстан­ның еңбек сіңірген әртісі атағы оған жасы елуге тақаған шағында бірақ берілуі соған айқын айғақ болса керек.

Бір абзалы Бөкең кейде осыған жабырқап қалғанмен, көбінде Сырдың суы сирағынан келмей өзінің табиғи мінезіне тез көше қоятын-ды. Соның бір мысалындай, ішіне ел қонып қызба­са да, сол кезде мектепте оқитын ба­ла­ларымызды әтеш болып ша­қырып, күшік болып үріп, мы­сық болып мияулап табиғи дары­нымен күлкіге қарық қылу­шы еді. Өмірден де осы көңілді қалпын­да аттанып кете барған. Яғни се­мей­ліктер оның алпыс жыл­­дығын атап өтуге дайындалып жатқан шақ­та көңілжықпастық­пен бір той­ға барған Бөкең тойға шашу ре­­тінде әнін шырқап болған соң ой­­ламаған жерден өмірден озған-ды.

Міне, содан бері де ширек ға­сыр өте шығыпты. Таяуда Үміт жең­геміз бастап, өнер жанашырлары қос­тап жуырда Семейдегі өл­кетану музейінде мағыналы кеш өтті. Иә, елі барда елім деп өт­кен ер азамат есімі ұмтылмайды.

 

Дәулет Сейсенұлы,

ардагер журналист

 

Алматы