«Самұрық-Қазына» қоры тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен Жетісу өңірінде жүзеге асқан әлеуметтік жоба түлектері қажетті құрал-жабдыққа ие болды.
Құрал-жабдық жиынтықтарын салтанатты түрде табыстауға арналған іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның өңірлік еншілес компаниялары және жергілікті атқарушы орган өкілдері, жоба жетекшілері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
«Табысты отбасы» жобасы – Жетісу облысы үшін әлеуметтік жағдайды, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың бір жолы. Қатысушыны қысқа мерзім ішінде бейіндік бағыт бойынша оқыту, өз ісін дамытуға білім мен дағдыларды беру және олардың жабдықтарды тегін алуы – тамаша мүмкіндік. Жобаның түлектерін құттықтаймын, әрқайсысына сәттілік пен отбасылық табысының артуын тілеймін», деді облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлиұлы.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, еліміздегі бес өңірге барлығы 300 грант қарастырылып, «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жоба көпбалалы аналарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелеріне және аз қамтылған отбасыларға, жастарға тікелей табыс табуға нақты мүмкіндік береді. Өз ісін ашқысы келетін әрбір қатысушыға 150 АЕК сомасына жабдық өтеусіз беріледі.
«Бес облыстың ішінде Жетісу облысының әкімдігі ұсынған тізім аясында әлеуметтік желідегі маркетинг, тігіншілік, электр механигі, сұлулық салоны маманы, аспаздық кәсіптерін бір айда алғашқы легінің 24 түлегі игеріп, «Самұрық-Қазына» қоры атынан құрал-жабдық түріндегі қайтарымсыз грант алуға мүмкіндік иеленіп отыр. Қазір оқудың екінші легінде 36 қатысушы білім алып жатыр», дейді «Samruk-Kazyna Trust» КҚ Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Лаура Демесінова.
Бұл әлеуметтік жоба – қарапайым тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік бастауы. «Табысты отбасы» табыс тауып, кәсіптің нәсібін көруге, осылайша өз ісін бастап, болашаққа нық қадам жасауға мүмкіндік береді.
«Көпбалалы анамын, Жетісудың тұрғынымын. Осындай бірегей жобаның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Мен үшін «Табысты отбасы» бұл үйде табыс табуды бастау мүмкіндігі ғана болып қоймай, жанашырлықты сезініп, жаңа достармен кездестім», деп бөлісті жоба қатысушысы Айда Баймұхамбетова.
Алдағы уақытта осы секілді өз ісін ашуға қажетті құрал-жабдықтар түріндегі грантты «Табысты отбасы» жобасы аясында Ұлытау, Абай, Ақтөбе және Түркістан облыстарының 114 түлегіне табысталады.
Жетісу облысы