Мұқым қазақ үшін қасиетті Қарқаралыда денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, бірнеше көлік кілті тапсырылды. Атап айтқанда, Қарқаралы ауданының медицина қызметкерлеріне екі жаңа жедел жәрдем көлігі сыйға тартылды, сондай-ақ мәдениет және тілдерді дамыту, спорт бөліміне екі шағын автобус сатып алынды.
– Ауданды дамытуға байланысты жоспарларымыз көп. Соның ішінде денсаулық сақтауға да қатысты. Мемлекеттік бағдарлама бойынша ауылдық елді мекендерде 20 медициналық ұйым салуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ мәдениет және спорт қызметкерлерінің проблемалары мен қажеттіліктері ұмыт қалмайды. Біртіндеп шешімін табады, – дейді Қарқаралы ауданы әкімі Ерлан Құсайын.
Жедел жәрдем көліктерінің бірі аудандық орталық ауруханаға, екіншісі Егіндібұлақ ауылына бұйырды.
– Жаңа жедел жәрдем көліктері заманауи талаптарға сай. Аурухана көліктері тозған еді. Бұл көліктердің қызмет еткеніне жиырма жыл болған, – дейді Қарқаралы ауданы орталық аудандық аурухана директоры Дәурен Сейтпанов.
Келесі жедел жәрдем көлігі Егіндібұлақтағы бұқараға қызмет етеді. Егіндібұлақта жедел жәрдем бөлімшесі, он төсекті күндізгі стационарлы дәрігерлік амбулатория бар.
Ал ендігі жерде шығармашылық ұжымдар, спортшылар байқауларға табаны тозып жаяу бармайды. Оларды су жаңа ыңғайлы шағын автобустар жеткізеді.
Қарағанды облысы,
Қарақаралы ауданы