• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2014

«Неміс мәшинесінің» тегеуріні қатты

259 рет
көрсетілді

Кеше түн ортасы ауа аяқталған Германия – Португалия матчының қорытындысы содан бері мамандар мен жанкүйерлердің ауыздарынан түспей тұр. Осында «неміс мәшинесі» көрсеткен ойлы да ойнақы ойыннан кейін чемпиондыққа талас жөніндегі пікір де өзгере бастаған сияқты. Әйткенмен, мұнда әлі өзгермей тұрған бір нәрсе бар. Ол – доп додасындағы ойындардың бәрінің ымырасыз қалыпта барынша тартысты өтіп жатқаны. Салыстырмалы түрде сыпайылау өтіп, жаһандық жарыстағы бірінші тең нәтижені әкелген Иран – Нигерия матчынан кейін де футбол фанаттарының бұл турасындағы көзқарастарына сызат түскен жоқ. Айтса айтқандай, талай сыннан өткен «неміс мәшинесі» шешуші шақтарда әрдайым тастүйін қалыпқа түсіп, ыңғайы келіп жатса, алдына келген кім-кімді де таптап өте шығатынын осы жолы тағы да анық танытты. Оның диірменіне түсіп кеткен Криштиану Роналду мен оның әріптестері үшін бұл барынша сәтсіз күн болды. Кездесудің басын «бундестим» өз активіне жазды. Бүкіл алаңның билігін бірден өз қолына алған Германия құра­масы бірнеше шабуыл ұйымдастырып үлгерді. Олардың бірінде тіпті, бұрыш­тамадан доп та берді. Бұдан кейін португалдар алға ұмтылды. Осы шабуылдың өтінде жүрген Роналду бірер соққы жасап та көрді. Бұдан әрі екі жақтың алма-кезек шабуылына кезек келді. Соның бір сәтінде португал қақпашысы Руй Патрисиу өз қақпасына доп кіріп кетуіне себепші бола жаздады. Оның лақтырған добы таяу маңдағы Хедиренің аяғына барып сарт етті. Оны алған Сами бірден ахуалды пайымдап, дарбазаға қарай ­заул­датты. Құдай сақтағанда, оның атқан добы бағанның дәл жанынан зу ете түсті. Бірақ бұл сәттілік екі минутқа ғана созылды. Соның артынша айып алаңына кірген Гетцені Жоау Перейра жерге ала жығылды. Серб төрешісі Милорад Мажич ойланбастан 11 метрлік нүктені көрсетті. Оны Томас Мюллер мүлтіксіз орындады – 1:0. Таймның ортасы ауа германиялықтар қарқынды ептеп бәсеңдетті. Осыны пайдаланған қарсы жақ тізгінді өз қолдарына ала бастады. Алайда, оларды қақпаға тікелей соққы жасап, қауіп шақыратын өткірлік жетіспей жатты. «Еуропалық бразилиялықтар» көбіне алаң ортасымен шапқылаумен болды. Мұндай сылбыр ойынды байқаған немістер бір кезде тағы да қауырт қимылға ерік берді. Алдымен Тони Кроос алаңның түкпір жағынан қарсыластар айып алаңындағы Месут Озилге керемет пас жеткізді. Ал Озил әріптестері жетуін күтіп тұрды да, жүгіріп жеткен Гетценің алдына допты көлбей тастай салды. Бірақ оның алдынан шыға келген Перейраға тиген доп артқы аутқа кетті. Осыдан кейін берілген бұрыштама «бундестим» үшін кезекті голмен аяқталды. Бұрыштан Кроос жөнелткен допқа Матс Хуммельс бұрын жетіп, басымен солқ еткізді. Гол! Матчтың 32-минутында есеп осылай 2:0-ге жетті. Ал үзілістің дәл алдында Йоахим Лёвтің шәкірттері үшінші голды да түсіріп, кездесудің қорытындысын толық шығарып қойғандай болды. Кездесудің екінші бөлігінде ойынның көрінісі көп өзгерген жоқ. Ал бұдан да күйрей жеңілуі мүмкін екенін сезген Паулу Бенту бұл кезеңде қорғанысты күшейте түсуге күш салды. Немістер болса, бұрынғысынша алға өршелене ұмтылуды қойды. Ойын соңғы төртінші гол соғылғанға дейін осындай ырғақпен жүріп жатты. Ақырында, 78-минутта Кроостың оң қапталға асырған добы кезекті голдың негізі болды. Ол жақтағы Шюррле допты сосын жерлетіп қақпашы алаңына жеткізді. Оны Патрисиу кері теуіп қайтарды. Міне, сол қайтқан доп Мюллердің аяғына топ ете түсті. Гол! Бұдан кейін Куритиба қаласында F тобындағы Иран және Нигерия құрамалары алаңға шықты. Мұның алдындағы голға да, оқиғаға да бай ойындарға қарағанда, екі жақ та барынша сақтыққа ден қойған бұл кездесу көңілсіздеу көрінді. Әу басында бұл шайқастағы жеңістің құны өте жоғары саналған. Ол жеңген команданы екінші орынға шығуға мүмкіндік әпереді деп есептелді. Себебі, бірінші орынның Аргентинаға бұйыратынына ешкім шек келтіре қоймаған. Нәтижесінде ешбір гол соғылмаған тең ойынға кезек келді. Ал мұның өзі енді Босния үшін таптырмас көрсеткіш болып табылады. Кездесу негізінен Нигерия құрама­сының басымдылығымен өтті. Соған қарамастан, оның шабуылшылары қарсы жақ бетке аса көп бара алмады. Бұған ирандықтар қорғаныс шебінің өте мұқият ойнағаны мүмкіндік бермеді. Дегенмен, үзіліске дейін африкалықтар сапындағы Виктор Мозес екі рет есеп ашатын сәттерді пайдалана алмады. Үзілістен кейін Мозестің тағы бір соққысын парсы қақпашысы Алиреза Хагиги қайтарып үлгерді. Мұндай сәтті Карлуш Кейруштің шәкірттері де жіберіп алды. Айталық, Реза Гооханнеяд ұрған соққыдан өз қақпасын голкипер Винсент Эньеама қорғап қалды. Дегенмен, ойынның бұл бөлігі алдыңғыға қарағанда да, мамырақан қалыпта өтті. Сондықтан онда есеп ашылмауын заңдылық деп қабылдағанымыз жөн шығар. Кеше таң алдында Натал қаласында чемпионаттың G тобындағы Гана және АҚШ құрамалары өзара кездесті. Тартысты өткен ойын 2:1 есебімен америкалықтардың пайдасына шешілді. Америка құрамасы осында келген өзінің көп санды жанкүйерлерінің көңілдерінен шыға білді. Ол біріншіліктегі бірінші кездесуінде Ганадан келген «қара жұлдыздардың» аптығын ойлы ойындарымен басты. Онда америкалықтар чемпионаттағы ең тез голды да соқты. Оны 1-минутта Клинт Дэмпси айып алаңының сыртында тұрып, ұрып түсірді. Африкалықтар бірінші таймда допқа көбірек иелік етті. Алайда, одан Тим Ховард қорғаған қақпаға нақты қауіп төнетін сәтті көп ұйымдастыра алмады. Екінші таймда Гана құрамасы ойыншыларының белсенділікті күрт арттыра түсуімен жағдай да күрт өзгеріп кетті. Ұзаққа созылған бұл шабуыл 82-минутта Андре Айюдың есепті теңестіруімен аяқталды. Енді қисын бойынша осыған жігерленген Африка футболшылары мұны жеңісті нүктеге дейін жеткізуге тиісті еді. Бірақ соңғы сәттерде шалттық танытқан америкалықтар олардың алдын орап кетті. Олар 86-минутта кезекті бұрыштама добын орындау кезінде алға шықты. Допты айып алаңына қарай Грэм Зуси әуелете жеткізді. Оған бұрын жеткен Джон Брукс қақпаға бас­пен ұрып кіргізді. Кеше түнде Бельгия – Алжир, Бра­зилия – Мексика құрамалары кездесті. Ал таң алдында Ресей – Оңтүстік Корея командалары жасыл алаңға шықты. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».