• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Ақпан, 2023

Рыбакинаның жарқын жеңісі осы спорт түрін серік еткендерді жігерлендіруге тиіс

159 рет
көрсетілді

Мельбурнде өткен Аустра­лияның ашық біріншілігі жек­сенбіде аяқталғанымен, спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер сол бәсекелер барысын әлі біраз уақыт бойы талқылайтыны анық. Біз осы оңтайлы сәтті пайдаланып, Қазақстанның теннисі жайында азды-кем әңгіме қозғауды құп көріп отырмыз. Бұған дейін жерлестеріміз «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде қалай өнер көрсетті? Олар қай межеге дейін жете алды? Әлемдік рейтингтегі ең үздік көрсеткішіміз қандай? Бүгінгі мақаламызда осы сауалдарға тұщымды жауап қайтаруға тырысайық.

Сұлу да, сымбатты Еленаға дейін Қазақстанның бірде-бір теннисшісі еш­уақытта «Үлкен дулыға» санатында­ғы турнирлердің жекелеген сайысында жартылай финалға дейін жеткен емес. Түрлі дүбірлі додаларда Ярослава Шведова, Юлия Путинцева және Елена Рыбакинаның бірнеше мәрте ширек финалда өнер көрсеткені есімізде. Міне, ең үздік нәтижеміз осы ғана еді. Шыны керек, былтырғы маусымға дейін алысқа «шаба алмадық». Сол сеңді Рыбакина бұзды. 1999 жылдың 17 маусымында Мәскеуде дүниеге келген ол әу баста жас­өспірімдер мен жастар арасындағы жарыстарда өзін жақсы қырынан көрсетті. 2015 жылы ересектердің дуына қосылды. Бірақ Еленаның жолы бірден оңғарыла қоймады. Ресей теннис федерациясы ­тарапынан қажетті жағдай жасалып, тиісті қамқорлық көрсетілмегеннен ке­йін Рыбакина 2018 жылы Қазақстанның азаматтығын алуға ниет білдірді. Ол біз­дің елге келгеннен кейін ғана өзін мық­ты теннисші ретінде мойындата бас­тады. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына деректерге назар аударайық: 2017 жыл­дың соңында WTA рейтингінде Елена 425-орынды қанағат тұтты. Ол кезде тен­нисші Ресейдің намысын қорғап жүрген. Қазақ еліне қоныс аударған соң бірден 243 сатыға жоғарылап, 182-орынға тұрақтады. Содан кейін-ақ оның тасы өрге домалады. 2019 жылы 37, 2020 жылы 19-орындарды иеленді. 2021 жылдың соңында үздіктер тізімінде 14-сатыға жайғасты. Былтырғы маусымды ол 22-орынмен қо­рытындылады. Ал күні кеше ғана отанда­сымыз ТОП-10 ойыншының қатарына қосылды. Міне, прогресс деп осыны айт!

Қазақстанның намысын қорғаған бес жылға жуық уақыт аралығында Рыба­кинаның спорттық мансабында жар­қын жеңістер аз болған жоқ. Ол WTA тур­нирлерін үш рет ұтып, бірнеше рет финалда ойнады. Былтыр Уимблдон додасында дара шықты. «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың жүлде қоры өте қомақты екені баршаға мәлім. Былтыр Лондондағы жарыста ол 40 350 000 фунт стерлингті құрады. Жекелеген сайыста бас жүлдені олжалаған ойыншылар ­2 мил­лионға иелік етті. Сол соманың қо­мақты бір бөлігін Елена Қазақстанның жастар теннисінің дамуына жұмсап, халықтың ақ алғысына бөленді.

Күні кеше ғана аяқталған Аустра­лияның ашық біріншілігінің жүлде қоры 51 384 291 АҚШ долларын құрады. Финал­ға шыққаны үшін отандасымыздың есепшотына 1 120 000 доллар аударылды. Мельбурнде ресейлік Анастасия Пав­люченкова екеуі жұптық бәсекеде үшін­ші кезеңге дейін жетті. Сол үшін ол тағы 46 408 долларды өз әмиянына салды. Міне, үлде мен бүлдеге оранды деген осы емес пе?!

Елена Рыбакинаға дейін «Үлкен ду­лыға» турнирлерінің жекелеген сайысында бірде-бір жерлесіміздің ширек финалдық межеден аса алмағаны жайын­да жоғарыда айттық. Десек те жұптық бәсекелерде ауыз толтырып айтарлық­тай табыстарға қол жеткізгенімізге еш­кімнің шүбә келтірмесі анық. Мәселен Ярослава Шведова америкалық Ваня Кингпен бірге 2010 жылы US open және Уимблдонда барлық қарсыласын сыпыра ұтып, бас жүлдені олжалады. 2015 жылы аустралиялық Кейси Деллаква екеуі Ролан Гарростың финалында күш сынасты. 2021 жылы Парижде Андрей Голубев пен Александр Бублик жұбы ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Елі­міздің қос мықты теннисшісі небір дүл­дүлдерді жолынан ығыстырды. Алай­да шешуші тұста олар франциялық Николя Маю мен Пьер-Юг Эрберге есе жіберіп, Ролан Гарросты екінші орын­­мен қорытындылады. 2020 жылы Александр Бублик пен Михаил Кукушкин Аустралияның ашық біріншілігінің жартылай финалында ойнады.

Сөз орайы келгенде, Қазақстанға қа­тысы бар тағы бірнеше теннисші жа­йында айта кетсек, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. Солардың арасынан Елена Лиховцеваны бөле-жара атап өтуге болады. 1975 жылы Алматыда дүниеге келген ол 20 жасына дейін Қазақстанның туы астында өнер көрсетті. Содан кейін Ресейге қоныс аударды. Сол елдің намысын қорғаған кезде микс­те «Үлкен дулыға» додаларының екі дүркін жеңімпазы, жұптық сайыста төрт дүркін финалисі атанып, жекелеген бәсекеде Ролан Гарроста үздік төрттіктің қатарынан көрінді. 1999 жылдың күзінде ол ТОП-15 ойыншының санатына қо­сылды. Танымал теннисшілер арасынан бол­гариялық Сесиль Каратанчева мен ресейлік Ксения Первак та бірер жыл Қазақстанның атынан түрлі жарыста бақ сынады. Алайда бұл ойыншылар елді елең еткізетіндей табыстарға қол жеткізе алған жоқ.

Сонымен, қазіргі кездегі жаңартылған әлемдік рейтингте жерлестеріміз мынадай орындарды иеленіп отыр: АТР: Александр Бублик – 36 орын, Тимофей Скатов – 129, Михаил Кукушкин – 214, Бейбіт Жұқаев – 305, Денис Евсеев – 335 және Дмитрий Попко – 384. WTA: Елена Рыбакина – 10, Юлия Путинцева – 44, Жібек Құламбаева – 449, Гөзал Айнутдинова – 506 және Анна Данилина – 542.