«DIGITAL ALMATY» 2023 халықаралық цифрлы форумда Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов ЕАЭО елдерінде радиожиілік спектрін синхрондауды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Байланыстың қолжетімділігі мен сапасын арттыру ерекше маңызға ие. Бүгінде Қазақстанда 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендер кең жолақты интернетпен қамтылған. Қалған бөлігінде радиорелейлік желілер мен төмен орбиталық спутниктік жүйелерді қолданамыз. Біздің елдеріміздің радиожиілік спектрін синхрондау қажет деп санаймын», деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Смайылов Қазақстанның ЕАЭО-дағы әріптестерімен цифрлық инфрақұрылымды дамытуға инвестиция тарту бойынша жұмыс істеуге дайын екенін қосты.
«Бұл аймақтағы барлық елдер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Нәтижесінде біздің елдер халықаралық дәліздермен және трансшекаралық ағындармен жоғары жылдамдықты деректерді беру арналарын құра алады», деп қосты Премьер-министр.
Айта кетсек, Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы және Digital Almaty-2023 «Жаңа шындықтағы цифрлық серіктестік» жыл сайынғы халықаралық цифрландыру форумы өтіп жатыр.