ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов 2022 жылы ЕАЭО-да азық-түлік бағасы орта есеппен 13 пайызға өскенін, өндіріс пен сауда тізбегіндегі үзілістің салдарынан бағаның қымбаттап кеткенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бұл көрсеткіш ЕАЭО мүше мемлекеттерінің көрсеткіштеріне әсер етеді. Азық-түлік бағасы кейінгі бір жылда біздің елдерде орта есеппен 13 пайызға өсті», деді Ә.Смайылов.
Бағаның өсуін тежеу, ішкі нарықтың қауіпсіздігін арттыру және халыққа азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында Үкімет басшысы бірқатар шараларды ұсынды. Сондай-ақ ЕАЭО елдерін азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша бірлескен жобаларды құруға және қаржыландыруға, жылыжайларды, мал бордақылау алаңдарын, сауда және сақтау инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударуға шақырды.
«Тараптар қолданатын санитарлық-фитосанитарлық, ветеринарлық, техникалық шаралар өзара саудада жасанды кедергілер тудырмауы керек. Біздің жұмысымыздың басты міндеті – біздің елдерде өндірілетін өнімдердің өзара саудасын кеңейту екенін есте ұстаған жөн», деп атап өтті Әлихан Смайылов.