Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 18 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтығы бар балаларға ақша қашан және қалай аударылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министр 2022 жылдың қорытындысы бойынша талқылаулардан кейін Қазақстанның Ұлттық қоры табысы теріс нәтиже көрсеткенін ескере отырып, бірнеше жыл ішінде инвестициялық табыс балалар алатын соманың негізгі параметрі ретінде алынатынын айтты.
«Өкінішке қарай, 2022 жыл Қазақстанның Ұлттық қорын қоса алғанда, әлемдегі барлық қорлар үшін сәтті болған жоқ. Осы факторды ескере отырып, біз Ұлттық банк сарапшыларымен бірнеше жыл ішінде инвестициялардың орташа кірістілігін аламыз деген шешімге келдік. Егер сіз орташа жылдық кірісті алсаңыз, онда ол әрқашан оң болған. Бір жыл ішінде ол 7 пайызға өсті, бір жерде одан да жоғары, бір жерде төмен болды. Бірақ негізінен оң нәтиже берді. Сондықтан біз лайықты және тұрақты табыс болады деп күтеміз. Біз оны орта есеппен бірнеше жылға алатын боламыз, дәл осындай оң кірістілік қамтамасыз етіледі. Ол жыл сайын балалардың шоттарына аударылып тұрады», деді Әлібек Қуантыров.
Министрі балалар 18 жасқа толған кезде шоттарында қандай сома жиналуы мүмкін екендігін де айтты.
«Егер біз 2024 жылдан бастап осы жүйеге кіретін болсақ, балалардың әртүрлі жасына байланысты әр түрлі көлемдегі кіріс болатынын түсіну керек. Егер бала жүйеге 17 жастан бастап тіркелсе, шамамен 100-150 доллар алады. Егер баланың жасы 5-те болса, 18 жасқа дейін одан да көп қаржы жинақталады. Кішкентай балалар бірінші жылы әрқайсысы 100-150 доллар алса да, дәл осындай сома келесі жылы да аударылады, оған қоса өткен жылдағы кірістің тағы 50 пайызы қосылады. Бұл жиынтық соманың барлығы қосымша инвестицияланады. Ұлттық банктің бағалауы бойынша, 18 жыл ішінде шамамен 3,5 мың доллар жинақталады», деп нақтылады министр.
Оның айтуынша, балаларға арналған шоттар автоматты түрде ашылады, қажетті деректер Әділет министрлігінен алынады.
«Яғни, бұл үшін ештеңе істеудің қажеті жоқ. Біз бұл есептік жазбаны белгілі бір веб-сайт немесе қосымша арқылы бақылауды жоспарлап отырмыз. Бала оған қандай ақша есептелгенін көре алады, бірақ ол кәмелетке толғанға дейін бұл ақшаны пайдалана алмайды. 18 жасқа толғаннан кейін бала бұл қаражатты білім алу үшін немесе жылжымайтын мүлік сатып алу үшін пайдалана алады», деп қосты министр.
Бала қайтыс болған жағдайда жинақталған қаражатты отбасындағы басқа балалар арасында бөлу немесе қамқоршы туыстары мен ата-аналарына беру жоспарланып отыр. Ал баланың азаматтығы өзгерген жағдайда ақша Ұлттық қорда қалады.
Айтолған ЖҮНІСХАН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті