Өткен жылы Шымкент қаласында балаларға жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған 4 адамды химиялық жолмен кастрациялауға қатысты сот үкімі шыққан. Бұл туралы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Әбсаттар Шахидинов 2022 жылғы жұмыстарды қорытындылауға арналған брифингте мәлімдеді.
Аса ауыр қылмыстарды қарайтын сот органы былтыр жасөспірімдер мен кәмелет жасқа толмағандарға қарсы жыныстық әрекеттерге барған 20 іс бойынша үкім кескен. Ең өкініштісі, өңірде сексуалдық жағдайдағы қылмыстардың саны жылдан-жылға өсіп барады.
Сот төрағасының айтуынша, мұның бәріне кінәлі қоғамдағы азғындық. Ал адамдарды әсіресе, жастардың тәрбиесін бұзып жатқан кәдімгі қалта телефоны. Ата-анасының бақылауынсыз қалған бала күндіз-түні телефоннан шықпай, түрлі әлеуметтік желіге кіріп, қылмыскерлердің арбауына түсіп қалады. Көбінесе әлеуметтік желідегі жасырын танысу бұрыштары арқылы балалар арам пиғылды жандардың арбауына өздері байқамай ілігіп қалып жатады. Сондықтан сот төрағасы ата-аналарға бала тәрбиесінде қырағы болуға, барынша телефондағы виртуалды әлемнен алшақтатуға шақырып отыр.
Сонымен бірге өткен жылы кісі өлтіру дерегі бойынша 25 қылмыстық іс қаралған. Мұндай істер жалпы сотқа жолданған істердің 36 пайызын құрайды. Сондай-ақ сот үкімімен мемлекет ақшасын жымқырған мәдениет басқармасының бірнеше қызметкеріне жаза тағайындалды. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты бұл қылмыс халық арасында үлкен қоғамдық резонанс тудырған болатын.
Спикердің мәлімдеуінше, жылдан-жылға сотқа келетін істер саны көбейіп барады. Мәселен, былтыр 70 қылмыстық іс қаралса, 2021 жылы оның саны 67 болған. Судьялардың жетіспеуінен оларға жүктелетін міндет те ауырлай түскен. Айталық, заң бойынша бір судьяның жүктемесі айына 1,8 іс болса, қазір ол 3,5-ке артқан. Өткен жылы әр судьяға айына 2,5 істен келген екен. Өйткені жоғарыда айтылғандай, қазіргі таңда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бар-жоғы екі-ақ судья бар. Бұл жоғары лауазымды қызметке үшінші маманды тағайындау үшін Президент Жарлық шығарады. Ал Мемлекет басшысына ұсынысты Жоғары сот кеңесі береді. Брифингке мәлім болғандай бұл мәселе әлі қаралу үстінде екен.
Сондай-ақ судьялар алқа билерге қатысты да сөз қозғады. Мәселен, бұрын аса ауыр қылмыстық істер 24 санатқа бөлінетін. Қазір оның саны 33-ке көбейген. Осы ретте алқа билердің де санын арттыру қажеттігі туындап отыр. Сонымен бірге судьялар алқа билердің заңынан хабары бар, қоғамдық жұмыста тәжірибесі мол, жауапкершілікті сезінетін азаматтар болғаны дұрыс және оның құрамында әйелдер мен еркектердің арақатынасы тең болса деген ой-ұсыныстарын білдірді.
ШЫМКЕНТ